Атыраудан барған делегация өкілі Ұлттық спорт көкпар федерациясын сынға алды

Атыраудан барған делегация өкілі Ұлттық спорт көкпар федерациясын сынға алды
ЖИ: Dalanews.kz

Атыраулық Руслан Төлегенов Қазақстанның Ұлттық спорт көкпар федерациясының ұйымдастыру жұмысына көңілі толмайтынын айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның сөзінше, Атырау облысының Көкпар федерациясы Мажарстан құрамасын атпен қамтамасыз ету үшін 12 жылқыны жеткізген.

«Атырау облысының Көкпар федерациясынан Мажарстан құрамасын қамтамасыз ету үшін 12 ат алып келдік. 3 мың шақырымнан астам жол жүрдік. Бұл оңай жүріс емес білгенге. Атпен бірге жолдың машақаты, шығыны, жауапкершілігі бар», – деп жазды Руслан Төлегенов.

Алайда ол мұндай еңбектің ұйымдастырушылар тарапынан ескерілмегенін алға тартты. Төлегеновтің айтуынша, Атыраудан келген делегация мүшелеріне бейджиктер де дайындалмаған. Сонымен қатар олар көкпар ойындарын тамашалау үшін билет ала алмаған.

«Атыраудан келген делегацияға дым жоқ. Бейджик жоқ. Билет жоқ. Көкпар көруге мүмкіндік жоқ. Жүздеген қазақ ипподромның сыртында қалды», – дейді ол.

Сондай-ақ жазба авторы басқа елдерден келген делегациялардың ұйымшылдығына назар аударып, қазақстандық тараптағы кемшіліктерді сынға алды.

«Ең өкініштісі – басқа елдердің делегацияларына қарап қызығасың. Ұйымшыл. Бір-бірін қолдайды. Бір команда болып жүр. Ал бізде баяғы әдет. Бөліну. Өз адамыңды ғана ойлау. Өзара бөлісу», – деп жазды Төлегенов.

Ол Атырау облысынан келген делегация ешқандай артықшылық сұрамағанын, тек құрмет көрсетіледі деп күткенін айтты.

«Атырау облысы Мажарстан құрамасына 12 атпен, 3 мың шақырым жол жүріп келді. Біз ешкімнен артықшылық сұраған жоқпыз. Ең болмаса, адам ретінде құрмет көрсетуді күттік», – деді ол.

Жазба соңында Руслан Төлегенов ұлттық спортты дамыту ең алдымен оны сапалы ұйымдастырудан басталуы керек екенін атап өтті.

«Ұлттық спортты дамыту деген әдемі костюм киіп, бейдж тағып, мінберде суретке түсу емес. Ұлттық спортқа шын жанашыр болсаңдар, оны ең алдымен дұрыс ұйымдастырудан бастаңдар!» – деп түйіндеді ол.