Атырау облысында бір отбасының қазасына қатысты атышулы іс бойынша тың мәлімет шықты. Тергеу барысында қаза тапқан жандардың қызы әрі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның кісі өліміне қатысы бары анықталмаған, деп хабарлайды Dalanews.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық құқықбұзушылық белгілері табылмаған.
“Оның адам өлтіру дерегіне қатысы болмағандықтан, бұл бап бойынша қылмыстық қудалау тоқтатылды. Алайда қылмыс туралы хабарламау фактісі бойынша бөлек іс тіркелді. Қазіргі таңда оған құқықтық баға берілген жоқ. Ақбаян Мұқанғалиева іс бойынша күдікті ретінде танылмайды және оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ”, – деді ол.
Прокуратура мәліметінше, әйелдің психикалық жағдайына байланысты Алматы қаласында психиатриялық сараптама жүргізілген. Алайда оның қорытындысы әзірге тергеу органдарына келіп түспеген.
“Сараптама қорытындысы дайын деген ақпарат бар. Бірақ бізге әлі ресми түрде жолданған жоқ. Қорытынды келген соң зерделенеді. Қажет болған жағдайда қосымша сараптама тағайындалуы мүмкін”, – деді Жандар Болатбек.
Сондай-ақ Ақбаян Мұқанғалиеваның Алматыдан Атырауға қайтарылып, қазір облыстық психикалық денсаулық орталығында жатқандығы белгілі болды.
Ал төрт адамның өліміне күдікті деп танылған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі 18 мамыр күні сағат 11:00-де өтеді. Іс ашық форматта қаралады.
Еске салайық, бұған дейін Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталған еді. Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша (“екі немесе одан да көп адамды өлтіру”), сондай-ақ мал сату мен банк карталарын жымқыру фактілері бойынша 188 және 190-баптарымен айып тағылған.
Айта кетейік, Атырау облысы Жаңгелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңында белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. 2026 жылғы 6 қаңтарда шаруашылық қорасынан отбасы иесі Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері табылған. Кейін олардың денесінде пышақ жарақаты болғаны анықталды.
Тергеу деректеріне сәйкес, Наурыз Мұқанғалиев 2025 жылдың мамыр айында көз жұмған. Ал отбасының тағы үш мүшесі – отағасы, жұбайы және қызы қараша айында қайтыс болған.
9 қаңтарда марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиевке іздеу жарияланғаны белгілі болды. Сол кезде қаза тапқандардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға да күдікті мәртебесі берілген еді.
Кейінірек, 24 ақпанда Сәрсемәлиев пен Мұқанғалиеваның Индонезиядағы Ломбок аралындағы Сенару ауылында ұсталғаны хабарланды. Наурыз айында олар Атырауға жеткізілді.
Одан соң полиция қызметкерлері Сұлтан Сәрсемәлиевті қылмыс болған үйге апарып, тергеу экспериментін жүргізген. Күдікті сол жерде қылмысты қалай жасағанын көрсетіп, тергеушілердің сұрақтарына жауап берген.