Атыраудағы ауа сапасына қатысты шағымдар күшейді: экологтар кінәні мұнай-газ өңдеу зауытына артты

Атыраудағы ауа сапасына қатысты шағымдар күшейді: экологтар кінәні мұнай-газ өңдеу зауытына артты
Фото: facebook.com/zanat.zak.sybajk.yzy

Атырауда соңғы бір аптадан бері тұрғындар ауа сапасына байланысты алаңдаушылық білдіріп жатыр. Бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып жатқан тұста журналист Жанат Жақсыбайқызы әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның жазуынша, Атырау облысының Экология департаменті өңірдегі ауаның ластануына Атырау мұнай және газ өңдеу зауыты себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеген.

«Бір аптадан бері Атырау халқы шырылдап жатыр. Бүгін Атырау облысы Экология департаменті ауаны ластап отырған Атырау мұнай және газ өңдеу зауыты деді», – деп жазды журналист.

Сондай-ақ ол кәсіпорынға айыппұл салынғанымен, мәселенің түбегейлі шешілмей отырғанын атап өтті.

«Кәсіпорын айыппұл төлейді. Уланатын халық. Осылай жалғаса береді», – дейді Жанат Жақсыбайқызы.

Журналист жазбасында бұл мәселе бұған дейін де көтерілгенін еске салды. Оның айтуынша, 2023 жылы тұрғындар экологиялық жағдайға байланысты бейбіт митингке шыққан.

«2023 жылы бейбіт митингке де шыққан едік», – деп жазды ол.