Атырау облысында Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Бауыржан Асаинов өлі табылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
БАҚ мәліметінше, ер адамның сүйегі 18 қазанда өзі тұрған пәтерден табылған. Асаинов қайтыс болғанын әріптестері де растаған. Олар ведомствоның ресми парақшасында қазанама жариялаған.
"Ақ Жайық" басылымы мәліметінше, сүйек табылған кезде ер адам пәтерде жатқанына шамамен екі апта болған. Осы уақыт аралығында үйге жылу берілген. Бұл сүйектегі өзгерістерді жеделдетіп, өлім себебін анықтауды қиындатуы мүмкін.
Бауыржан Асаинов 2023 жылғы 4 қаңтардан бастап Атырау облысында Әлеуметтік қорғау департаментін басқарған. Бұған дейін прокуратурада, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде жұмыс істеген. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі Санитария-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ішкі қауіпсіздік басқармасын басқарған.