Атырауда әйелін 12 жастағы қызының көзінше пышақтап өлтірген ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сондай-ақ жәбірленуші тараптың моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талабы қанағаттандырылды.
Сот дерегінше, қылмыс 2026 жылы отбасылық жанжал кезінде болған. Айыпталушы әйеліне 12 жастағы қыздарының көзінше 11 рет пышақ сұғып, алған жарақаттарынан әйел оқиға орнында көз жұмған.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен, оқиға орнын қарау хаттамаларымен және оның кінәсін толық мойындауымен дәлелденді.
Сот барысында айыпталушы қылмысты қызғаныштан жасағанын айтып, кінәсін толық мойындап, марқұмның туыстарынан кешірім сұраған. Прокурор оған 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.