Атырау мұнай өңдеу зауытындағы өртке байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы – «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Өрт 25 тамызда жабық үлгідегі механикалық тазарту құрылыстарының тұндырғышында болған. Нысанның ішінде мұнай шламы жанған. Оқиға кезінде онда ешқандай жұмыс жүргізілмеген.
Зауыттың хабарлауынша, түтін туралы ақпарат 25 тамызда сағат 12:55-те «112» пультіне түскен. Нысанның ерекшелігі ескеріліп, Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері оқиға орнына шақырудың жоғары дәрежесі бойынша жіберілген.
Өртті сөндіруге ТЖМ-нің, «Семсер өрт сөндіруші» қызметінің, АТМА әуежайының және NCOC компаниясының апаттық-құтқару қызметінің шамамен 65 қызметкері мен 19 техникасы жұмылдырылған. Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп, тартылған күштер мен құралдардың іс-қимылы үйлестірілген.
Өрт сағат 13:42-де оқшауланып, жалынның таралуы тоқтатылған. Кейін өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
Атырау облысының ТЖД тергеу барысына қатысты өзге мәліметтерді жарияламады. Ведомство мұны Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабымен түсіндірді. Аталған бапқа сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды.
Сонымен қатар Атырау мұнай өңдеу зауытындағы өрттің нақты себептерін анықтау үшін арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.
Зауыттың мәліметінше, өрт кәсіпорынның қалыпты жұмысына әсер етпеген.