Париждегі "гендерлік" жанжал жаңа мәліметтермен толығу үстінде. Атышулы алжирлік боксшы Иман Хелифтің жынысын ауыстырмағаны, әуелден әйел боп жаратылғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Voice of America агенттігінің мәліметінше, алжирлік боксшыны қаралау операциясын Мәскеу ұйымдастырған. "Иман Хелиф тап-таза транс, экс-еркек, сол себепті шаршы алаңдағы қарсыласынан мысы да, күші де басым" деген ақпарат Пүтінге жақын функционердің аузынан тараған.
Сонда мұндағы мотив неде?
"Мотив? Осыдан бір жарым жыл шамасы бұрын Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA, бұрынғы AIBA) ұйымдастырған Нью-Делидегі әлем чемпионатында нақ осы Иман Хелиф бұрын-соңды тұмсығы қанамаған ресейлік боксшы Азалия Аминеваны тас-талқан қып ұтады. Үш күн өткесін IBA Иманға санкция салып, жарыстан шеттетеді. Осылайша үш күн бұрын ғана алжирлік боксшыдан ойсырай ұтылған Аминеваның мінсіз статистикасы қайтадан қалпына келеді", - дейді Әмірика дауысы.
IBA басшылығы Хелифтің іріктеу критериіне сай емесін айтып, дене тұрқы, басқа да көрсеткіштер бойынша өзге спортшылардан бір бас жоғары тұрғанын мәлімдейді. Бұған қоса Хелифтің гендерлік тесттен өтпегенін жария етеді. Париждегі дау да осыдан тұтанғаны есіңізде болар...
IBA? Олимп ойындарына қатысудан өмірбақиға шеттетілген қауымдастықты қазіргі күні Ресей билеп-төстеп тұр. Батыс басылымдарының пайымдауынша Мәскеудің сумақай саясаты араласқан ортада әділдік атты түсінік дефицитке ұшырайды.
"Хелиф? Халықтың басым көпшілігі IBA таратқан ақпаратқа шүбәсіз сеніп, алданып қалды. Шын мәнінде, Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) мен IBA арасындағы араздық бүгін ғана ушыққан жоқ. Екі тарап соңғы он жыл бойы ит пен мысық секілді ерегесіп келеді. Олимпиада комитеті әуел бастан Хелифке қатысты ақпараттың шығу тегіне, қайнар көзіне үңілуді сұраған болатын. Алжирлік боксшы IBА-ның коридорынан тараған жалған мәліметтің құрбаны болды" дейді осы тұста Әмірика дауысы.
Батыс елдері боксшыларға арналған жаңа орған World Boxing-ті құруға әрекет етуде.
IBА туралы аз-кем ақпарат бере кетсек: бертінге дейін AIBA деп аталып келген ұйым 2019 жылы атын өзгертіп, қауымдастық басшылығына Кремль көсемінің жақын танысы Умар Кремлев тағайындалған. Кремлев "Газпромды" ең ірі демеуші ретінде тартып, ұйымды Ресейден басқарылатын құрылымға айналдырған.
Халықаралық Олимпиада комитетінің талаптарын көзге ілмеу, ескертуін елемеу қалыпты үрдіске айналған. Ақыр соңы ХОК IBA-ны олимпиадалық өкілетінен біржола айырып тынған еді.
"Мұның есесін қайтарғысы келген Кремлев Париждегі жарыстың шырқын бұзып, Хелифке қатысты айғай-шуды өршіте түсті. Кремлев боксшының жынысы туралы қосымша мәлімдемелер жасады, бірақ дәлел келтірмеді, жұрт оның сөзіне иланып қалды.
Бокс ардагерлерінің айтуынша IBA-ның Хелифты Нью-Делидегі жарыстан шеттетуі негізсіз болған. Алжирлік боксшы қауымдастықтың осыған дейінгі жарыстарына еш кедергісіз қатысқан.
Кремлов? Ресейлік функционер басшылық ететін ұйым Мәскеудің пропаганда құралына айналып кетті. Пүтиннің жақын досы Олимпиада ойындарын келеке қылудан қолы босар емес, күні кеше ғана ол ХОК президенті Томас Бахты "шәйтәнға" теңеді", - дейді Әмірика даусы.