Атырауды улаған «Квадрат» сотқа жетті

Самал Асқар 03 ақп. 2026 16:44

Атырауда экологияға қатысты ең өзекті мәселелердің бірі сотта қаралып жатыр. Қоғам белсенділері мен экологтар «Квадрат» буландыру алаңы қоршаған ортаға жүйелі түрде зиян келтіріп отыр деп, коммуналдық кәсіпорынның әрекетіне заңды баға беруді талап етуде, деп хабарлайды Dala News.
 
Азаматтық талап арызды «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығы мен Атырау тұрғыны, заңгер Айгүл Кенжалиева берген. Олардың мүддесін сотта бірнеше адвокат қорғап отыр.
 
«Квадрат» – Атыраудың оң жағалауынан шығатын барлық тұрмыстық ағынды суды қабылдайтын буландыру алаңы. Ол қала әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне бағынышты. Бұл нысанға жыл сайын мыңдаған текше метр лас су төгіледі.
 
Белсенділердің айтуынша, соңғы жылдары мұнда тек тұрмыстық емес, құрамында мұнай өнімдері бар өндірістік қалдықтар да төгілген.
 
Экологтар жүргізген тәуелсіз зерттеулердің нәтижесі алаңдатарлық. 2025 жылдың мамыр және маусым айларында алынған сынамаларда сероводород мөлшері рұқсат етілген шектен 1200–2700 есе жоғары болған. Мұнай өнімдері де нормадан ондаған есе асып түскен.
 
Сондай-ақ фосфаттар, хлоридтер, оттегіні химиялық және биологиялық тұтыну көрсеткіштері де қалыпты деңгейден бірнеше есе жоғары екені анықталған.
 
Мамандардың айтуынша, дәл осы сероводород Атыраудағы жағымсыз иістің басты көзі.
 
Қоғам белсенділері қаңтар айында «Квадратта» рейд өткізіп, әр бес минут сайын вакуум көліктерінің келіп, шығу тегі белгісіз қалдықтарды төгіп жатқанын тіркеген. Ол жерде сынама алатын зертхана, химиялық талдау немесе нақты бақылау жүйесі жоқ.
 
Экологтар мұны экологиялық талаптардың өрескел бұзылуы деп санайды.
 
Санитарлық қызмет пен медицина мамандарының деректеріне сәйкес, Атырауда тыныс алу жүйесі аурулары жылдан-жылға көбейіп келеді. Аймақта мүгедектігі бар адамдар саны 26 мыңнан асқан. Дәрігерлер бұл көрсеткіштердің ауа ластануымен тікелей байланысы бар екенін жоққа шығармайды.
 
Талапкерлер не сұрайды:
 
Сотқа жүгінген тарап:
•«Квадратты» экологиялық нормасыз пайдалануды заңсыз деп тануды
•Мұнай өнімдері бар қалдықтарды қабылдауға тыйым салуды
•Заңсыз төгінді жасап жүрген кәсіпорындарды анықтауды
•Бұдан әрі мұндай жағдайға жол бермеуді талап етті
 
Коммуналдық кәсіпорын өкілдері өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды. Олардың айтуынша, тек тұрмыстық қалдықтар қабылданады, ал өндірістік төгінділер болуы мүмкін жағдайлар бойынша полицияға хабар беріледі.
 
Алайда кәсіпорын «Квадратқа» қатысты рұқсат етілген төгінді нормативтерінің бірнеше жылдан бері жоқ екенін растады. Бұл көрсеткіштер тазарту құрылыстары толық аяқталғаннан кейін ғана жасалатыны айтылды.
 
Судья келесі отырысты 6 ақпанға белгіледі.
 
Айта кетейік, «Квадратты» пайдалану 2021 жылы сот шешімімен шектелген. Алайда коммуналдық кәсіпорын бірнеше жыл бойы кейінге шегеру алып келген. 2025 жылдың желтоқсанында сот кезекті өтінішті қанағаттандырмай, шешімді күшінде қалдырды. Заң жүзінде буландыру алаңы қазірдің өзінде жабылуы тиіс.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove