Атырауда халықаралық рейсте ерекше жағдай тіркелді: жолаушыға тиесілі емес жүктен балық табылған. Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жергілікті белсенді әрі блогер Рүстем Баязиевтің айтуынша, жолаушы тек қол жүгін алып жүрген, бірақ оған балық салынған тіркелген жүк бекітілген.
"Адам тек қол жүгін алып келген, ешқандай багаж тапсырмаған. Алайда рейстен түсіріп тастады, себебі оның атына балық салынған жүк тіркеліпті. Ал сол жүкте есірткі болса қайтер едік? Кім жауап берер еді?" – дейді белсенді.
Ішкі істер министрлігінің Көліктегі полиция департаменті бұл оқиға бойынша тексеру басталғанын растады. Атырау станциясындағы Линейлік полиция бөлімі заңсыз балық өнімдерін тасымалдау дерегі бойынша істің мән-жайын анықтап жатыр.
Көліктегі полиция департаменті Азаматтық авиация комитетіне SCAT әуекомпаниясының лауазымды тұлғаларына қатысты құқықбұзушылыққа ықпал еткен жағдайларды жою жөнінде ұсыным жолдаған.
Басты көлік прокуратурасының нақтылауынша, бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігі – "Жойылып кету қаупі төнген, сирек кездесетін, не пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе туындыларымен заңсыз жұмыс істеу" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Оқиға 2024 жылғы 27 мамырда, Атырау – Астана бағытындағы SCAT әуе рейсі №766 бойынша тіркеу кезінде, Атырау халықаралық әуежайында болған.
28 мамырда ақпарат сұратылғанымен, бұл материал жарияланған сәтте SCAT әуекомпаниясы ресми түсініктеме бермеген.