Атбасар түрмесіндегі азаптау ісі: Алқабилердің ақтау үкімі жойылды

Көркем Алдабергенова 11 сәу. 2025 11:40 792

Атбасар қаласындағы колонияда сотталғандарға жасалған азаптау ісі бойынша шығарылған алқабилердің ақтау үкімі жойылды. Бұл туралы 11 сәуір күні Ақмола облыстық соты хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот үкімі неге жойылды?

Соттың мәліметінше, Атбасар аудандық қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің 12 қызметкері Қылмыстық кодекстің 146-бабы 3-бөлімі 1-тармағы бойынша («азаптау») айыпталған. Алайда алқабилер оларды қылмыс құрамы жоқ деп тауып, ақтап шыққан болатын. Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бұл шешімді жойды. Себебі бірінші инстанция сотының жұмысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталған.

Біріншіден, сот алқабилер қатыспауы тиіс мәселелерді олардың көзінше қарастырған. Екіншіден, кейбір жәбірленушілерге сот жарыссөздеріне қатысу мүмкіндігі берілмеген.

Іс қайта қаралады

Енді бұл іс сол сотта, бірақ басқа құраммен қайта қаралатын болды.

Іс қалай басталды?

Атбасар түрмесінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс 2024 жылдың шілдесінде басталған. Бұған себеп — интернетте сотталғандарды ұрып-соққан видеолардың таралуы еді. Іс жабық режимде қаралды. Жәбірленуші деп танылғандар саны — 41 адам. Олардың қатарында қоғам белсендісі Тимур Данебаев та бар. Ол сотта азаптау мен қорлау әрекеттері туралы жан-жақты мәлімет берген. Оның айтуынша, жазасын өтеу барысында кемінде 20 рет қатыгездікке тап болған.

Қызметтен босатылғандар мен президентке үндеу

Осы даулы оқиғадан кейін ҚАЖК-ның 11 қызметкері жұмыстан қуылды. Олар президентке бейнеүндеу жолдап, өз әрекеттерін заң аясында, яғни «сотталғандардың жаппай бағынбауын тоқтату» үшін жасағандарын мәлімдеген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар