1 қазандағы жағдай бойынша 274 мыңнан аса адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдау және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
АӘК мыналарды көздейді:
- табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 1 қазандағы жағдай бойынша АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 84,6 мың балаға 3,2 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалған;
- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Айта кетейік, қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне, сондай-ақ, электрон үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.