Атақты Сәбит Мұқановтың қатесін тапқан ауыл қазағы

Атақты Сәбит Мұқановтың қатесін тапқан ауыл қазағы
ашық дереккөз

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, академик Сәбит Мұқанов туралы ел ішінде қызықты естеліктер аз емес. Соның бірі – қарапайым ауыл қазағының әйгілі жазушының шығармасынан қате тауып, оған арнайы хат жолдауы, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл оқиға Сәбит Мұқановтың «Сырдария» романы жарық көргеннен кейін болған екен. Көп ұзамай жазушыға ауылдағы бір ақсақалдан хат келеді. Хат иесі өзі хат танымайтынын, кітапты баласына бастан-аяқ оқытып тыңдағанын жазады. Сонымен қатар шығарманы үлкен қызығушылықпен қабылдағанын айтып, жазушының халық тұрмысын жетік білетініне ризашылығын білдіреді.

Алайда ақсақалдың көкейінде бір сұрақ мазалап жүргенін де жасырмайды.

– Қарағым, Сәбит! Сен ескі өмірді жақсы білетін адамсың ғой. Бірақ кітабыңдағы бір жеріне түсінбей отырмын, – деп бастайды ол өз хатын.

Мәселе шығармадағы күрішші Сырбайдың түйесіне қатысты болып шығады. Романда кейіпкердің жалғыз түйесінен екі буыршын бар екені айтылады. Кейін олардың бірін майданға көмек ретінде сатып жібереді. Ал соғыстан ұлы жараланып оралғанда, қуанышқа орай қалған буыршын сойылады.

Осы тұсқа тоқталған ауыл қариясы жазушыға:

– Осы екі буыршынның біреуі саған қайдан келді? – деп сауал қояды.

Себебі қазақы танымда түйе егіз боталамайды деген түсінік бар. Ақсақал да осыны меңзеп, шығарманың шынайылығына күмән келтірген.

Бұл хатты оқыған Сәбит Мұқанов қатты ыңғайсызданған деседі. Өйткені қарапайым ауыл адамы байқап қалған детальға өзі мән бермей кеткенін түсінеді. Кейін жазушы әлгі қариядан кешірім сұрағаны айтылады.