Ата-аналар мектеп формасын алып тастау туралы петицияға қол жинап жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz "КТК" телеарнасына сілтеп.
Екі баланың анасы Әлия Тұяқбаева мектеп формасы қымбаттағанына қапалы. Оның сөзінше, балалары оқитын мектептің әкімшілігі ата-аналарға форманы тек белгілі бір дүкеннен алуды міндеттеген. Бағасы да қалтаға айтарлықтай салмақ салады. Биыл ұлы мен қызын толық киіндіруге 130 мың теңгеден аса қаражат жұмсаған.
"Аяқ киім мен жейдені қоспағанда, екі балаға формаға 130 мың теңге жұмсадым. Ұл балаға жилет, шалбар, костюм, қыз балаға белдемше, сарафан және шалбар алдық. Мектеп басшылығы бәрін белгілі бір дүкеннен сатып алуды міндеттеді. Оқу жылының соңында жиналыс өткізіп, алдын ала дайындалу керек екенін айтты және кіреберістегі тақтаға келесі жылғы форма үлгісін іліп қойды. Менің ойымша, еркін стильдегі форма қажет емес, тек түсін белгілеу жеткілікті", - дейді ол.
Телеарна мәліметінше, Алматы дүкендерінде қыздарға арналған жейде мен ұлдарға арналған жейденің бағасы 5 мың теңгеден басталады. Ал толық жиынтық - костюм мен жейде немесе белдемше мен жейде ата-аналарға орта есеппен 35 мың теңгеге шығады екен.
Сатушылардың айтуынша, жыл сайын мектеп формасының құны шамамен 10-15 пайызға қымбаттайды. Кейбір ата-аналар мектеп формасы қымбат болғандықтан, оны міндетті етпеу керек деп санайды. Әрі баланың үлгерімі оның үстіндегі киіміне байланысты емес екеніне сенімді. Сондықтан олар қол жинап жатыр. Әзірге петиция 156 ғана қол жинапты.
Қазір бірқатар жекеменшік мектеп өздерінің арнайы формасын енгізсе, мемлекеттік білім ордаларында ғана бірыңғай үлгі сақталып отыр. Алайда саудагерлердің айтуынша, бұл жағдай сатылымға айтарлықтай әсер еткен жоқ. Өйткені форма міндетті болғандықтан, ата-аналар бәрібір сатып алуға мәжбүр.
Жауапты министрлік те әрбір оқушы міндетті мектеп формасын киюге тиіс деп санайды. Олардың пікірінше, біркелкі киім үлгісі оқу орнында тәртіп пен іскерлік атмосфераны қалыптастырып, балалардың назарын білім алуға аударады.