Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов зейнетақы аннуитеті жүйесіне қатысты маңызды өзгеріс енгізілгенін хабарлады, деп жазады dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, жаңадан қабылданған заңда зейнетақы аннуитеті бойынша мұрагерлердің құқығын кеңейтетін түзету бар. Бұл өзгеріс ресми түрде күшіне енеді.
Бұған дейін зейнетақы аннуитетін рәсімдеген адам қайтыс болған жағдайда, оның шотында қалған қаражат мұрагерлеріне толық көлемде бірден берілмейтін. Отбасы мүшелері бұл ақшаны тек ай сайынғы төлем түрінде, ұзақ жылдар бойы бөліп алып келген.
"Кеше қабылданған заңның ішінде біз ұсынған маңызды түзету бар. Ол ресми түрде күшіне енеді. Бұрын зейнетақы аннуитетін алып жүрген адам қайтыс болса, оның жинаған ақшасы артында қалған отбасына толық берілмейтін. Мұрагерлері ол ақшаны тек ай сайын, тиын-тебендеп, жылдарға созылып қана ала алатын. Қалған бүкіл ақшасын, бірден алу заң жүзінде мүмкін емес еді. Енді біз бұл ережені өзгерттік. Отбасыларға таңдау бердік. Егер зейнетақы аннуитеті бойынша шотта ақша қалса, мұрагерлер оны бұрынғыдай ай сайын бөліп алуды жалғастыра береді немесе қалған барлық соманы бір-ақ күнде, бірден толық алып кете алады. Бұрынғыдай тек бір ғана қатал шектеу жоқ, таңдау – отбасының өз қолында. Біз зейнетақы аннуитеті жүйесін адамдарға ыңғайлы әрі икемді еттік", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.