Астаналықтар Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне арналған музыкалық челленджге қосылды

Астаналықтар Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне арналған музыкалық челленджге қосылды
gov.kz

Астана тұрғындары қазақтың көрнекті композиторы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған музыкалық челленджге қосылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

15 тамызда Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай ұйымдастырылған музыкалық эстафетаны мәдениет, білім және жастар саласының өкілдері, шығармашылық ұжымдар, балалар, зиялы қауым өкілдері, елорданың белсенді тұрғындары мен аға буын өкілдері қолдады.

Челленджге қатысушылар композитордың көпшілікке танымал әндерін орындап, бейнежазбаларын әлеуметтік желілерде жариялап жатыр. Олар музыкалық эстафетаны достарына, әріптестеріне және жақындарына жолдауда.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, музыкалық челлендж әртүрлі буын өкілдері мен түрлі сала мамандарын бір арнаға тоғыстырып, Шәмші Қалдаяқовтың тыңдарман жүрегінен орын алған шығармаларына қайта назар аударуға мүмкіндік берді.

Музыкалық эстафета әлі де жалғасып жатыр. Оған кез келген адам қатыса алады. Ол үшін композитордың сүйікті әнін орындап, бейнежазбасын әлеуметтік желіге жариялау және эстафетаны өзге адамдарға жолдау жеткілікті.