Астаналық медбике медицина саласындағы шындықты айтты. Оның бейнеүндеуі әлеуметтік желіде тарады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, 5-7 жылдан бері медбике болып жұмыс істеп келеді. Енді ол бұл саладан кеткісі келетінін жеткізді. Астана тұрғынының сөзінше, мұның себебі көп.
"24 тәулік ауысымнан шығып енді үйге келгенмін, ұйықтайын деп жатырмын, мені оятып алды. Жұмыстан хабарласып жатыр, бір науқастың қан қысымы көтеріліп кетіпті. "Кеше дәрісін бердің бе?" дейді. Кім кінәлі деп ойлайсыздар? Кеше жұмыс істеген медбике", - деді ол.
Медицина қызметкері науқастың қан қысымы жоғары екенін білетінін, дәрілерін бергенін айтады.
"Мұндай жағдайда үнемі дәрігер емес, медбике кінәлі болады. Бір адамды кінәлі қылып шығару керек. Ол - медбике. Жалақымыз да аз, орташа есеппен 200 мың теңге көлемінде, Астанада тұрамын, Астана бойынша айтамын", - дейді ол.
Сонымен қатар, ол бір медбике бірнеше адамның жұмысын істейтінін де жеткізді.
"Бір жерлерде бес адамның жұмысын үш адам істеп отырады", - деді видеодағы әйел.