Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Air Astana әуе компаниясы рейстер кестесіне өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Өзгерістер Дубай бағытына да қатысты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бүгін Астанадан сағат 07:10-да ұшып шыққан KC205 Астана – Дубай рейсі әуеде кері бұрылып, ұшып шыққан әуежайға қайтып бара жатыр.
Ал 12 шілде күні сағат 08:50-де ұшуы жоспарланған KC897 Алматы – Дубай рейсі тоқтатылды.
"Жолаушыларға билеттер сатып алынған жер бойынша олардың толық құны қайтарылады. Рейстер кестесіндегі кейінгі өзгерістер туралы қосымша хабарланады", – делінген әуе компаниясының мәлімдемесінде.
Жолаушылардан рейстердің мәртебесін алдын ала тексеру сұралды. Себебі ұшу және межелі әуежайларға келу уақыттарында өзгерістер болуы мүмкін.
Компания өкілдері жағдайды жіті бақылап отырғанын және жолаушыларды алып шығу мәселелерін шешіп жатқанын мәлімдеді.