Премьер-министр Олжас Бектенов сингапурлық Changi Airport Group (CAG) компаниясының бас атқарушы директоры Ям Кум Вэнгпен кездесті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Олжас Бектенов Астананың әуежай инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын, соның ішінде екінші әуежайдың құрылысы салынып жатқанын атап өтті. Осыған орай, Қазақстан мен Сингапур арасындағы нақты өзара іс-қимылды кеңейту үшін елеулі әлеует барына назар аударылды. Компанияның халықаралық тәжірибесі мен технологиялық сараптамасын Қазақстанның авиация инфрақұрылымын дамытуға тарту қажет екеніне көңіл бөлінді.
Changi Airport Group Сингапурдағы Чанги халықаралық әуежайы мен Селетар әуежайын басқарады. Changi Airports International еншілес құрылымы арқылы әлемнің 20-дан аса еліндегі 60-тан аса әуежайда әуежай инфрақұрылымын дамыту, басқару және бас жоспарлау жобаларына қатысады.
Ям Кум Вэнг Changi Airport Group компаниясы Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін білдірді. Сингапурлық компанияның басшысы Астана қаласының Еуропа мен Азия арасындағы көпір ретіндегі зор әлеуетін атап өтіп, елордада жаңа әуежайды өңірлік хаб және өңірлік орталық ретінде салу жобасын жүзеге асыру барысында компанияның әуежай саласындағы сараптамасы, білімі мен тәжірибесін ұсынуға дайын екенін айтты.