Астанадағы мектептердің бірінде газ баллонын шашқан кәмелетке толмағандар анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Polisia.kz мәліметіне сәйкес, жоғары сынып оқушысы бұрын осы білім орнында оқыған қызбен бірге бұзақылық ниетпен сыныптардың біріне газ баллонын шашқан. Оқиға кезінде сыныптағы оқушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнбеген.
Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар жасөспірімдердің жеке басын анықтап, олардың әрекеттеріне құқықтық баға берді. Белгілі болғандай, газ баллонын шашқан жасөспірім бұған дейін бірнеше мәрте үйінен себепсіз кету дерегі бойынша профилактикалық есепте тұрған.
Оқиғадан кейін білім беру мекемесінде профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, жасөспірімдермен және олардың заңды өкілдерімен түсіндіру әңгімелері ұйымдастырылды.
Іс материалдары қосымша шаралар қабылдау үшін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды. Сонымен қатар ата-аналар балаларының бұзақылығы мен тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Полиция мұндай әрекеттердің жай еркелік емес екенін атап өтті. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұл – айналадағыларға қауіп төндіретін қасақана әрекет және оған міндетті түрде құқықтық баға беріледі.
