Астанада Дариға Назарбаеваның бұрынғы зәулім үйі толықтай сүріліп, оның орнына жаңа тұрғын үй кешені бой көтермек, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Су жағасында орналасқан бұл үй кезінде жаяу жүргіншілер үшін жабық аумақ болған. Серуендеуге шыққан адамдар сол аумақты айналып өтуге мәжбүр еді. Енді ғимараттың бұзылуымен жағалау аймағы толық ашылып, қала тұрғындарына қолжетімді болды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жаңа тұрғын үй кешені «Swiss Collection» деп аталуы мүмкін. Желіде тараған бейнероликте ол премиум санаттағы элиталық жоба ретінде таныстырылған. Сарапшылар пәтер құны жүздеген миллион теңгеге жетуі ықтимал екенін айтады.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жұмыстар басталған. Жобаның сәулеттік ерекшеліктері мен қашан аяқталатыны туралы нақты ақпарат әлі жарияланған жоқ. Дегенмен, бұрынғы ғимараттың сүріліп, жағалаудың халыққа ашылуы астаналықтар үшін жағымды жаңалыққа айналды.