Астанадағы автобус апаты: Екі аяғынан айырылған 8 жастағы қыздың қазіргі жағдайы белгілі болды

Қаракөз Амантай 09 мау. 2025 11:27

Астанадағы жантүршігерлік жол апатынан кейін аяғынан айырылған 8 жастағы Алуаның жағдайы көпшіліктің жүрегін ауыртты. Қыздың ағасы оның қазіргі хал-ахуалы жайлы әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ағасының айтуынша, Алуа күндіз-түні көз ілмейді, тыныш ұйқыдан айырылған.

"Мүлдем ұйықтамайды. Күндіз де, түнде де мазасы жоқ. Аздап тынықсын деп дәрі беруге тура келеді. Көз жасын тыймай, үнемі “аяғым қайда?” деп сұрайды. Бұл сұрағы жүректі қақ айырып, жанымызға батады. Жалпы медициналық жағдайы – бірқалыпты", – деп жазады ол.

Алуаның халін балалар омбудсмені Динара Закиева да арнайы барып білді.

"Алуашпен және анасымен жолықтық. Протездеу мен оңалту жайын талқыладық. Қызымызбен сырласып, кітап оқыдық. Біраз пицца жеді, үнемі “мені көтеріп жүрші” немесе “далаға шығайықшы” деп сұрай береді", – деді омбудсмен.

Динара Закиева бұл отбасының жағдайы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің тікелей бақылауында екенін де атап өтті.

Еске салайық, Астанада жолаушылар автобусы апатқа ұшырады. Автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі бағанаға соғылған. 

Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі автобус апаты туралы мәлімдеме жасады.

"Автобус жүргізушісінің жолаушылар көлігін жүргізу саласында жалпы еңбек өтілі 15 жылдан асады, ал автопаркте 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Оқиға болған күні ол алдын ала міндетті медициналық тексерістен өтіп, жұмысқа жіберілген. Жұмысқа демалыстан кейінгі алғашқы күні шыққан. Автобус 2024 жылғы, желіге шыққан сәтте техникалық тұрғыдан жарамды күйде болған", - делінген хабарламада.

Аталған факт бойынша қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Оқиға жан-жақты тексеріліп, барлық мән-жай анықталып жатыр.

Әкімдіктің мәліметінше, автобус жүргізушілері мен көлік күн сайын жолға шығар алдында толықтай тексерістен өтеді.

Сонымен қатар, автобустар желіге шықпас алдында автобус паркінің жауапты қызметкерлері күн сайын мынадай жұмыс жүргізеді:

  • Көліктің көзге көрінетін тұстағы зақымдарын тексеру;
  • Жүргізушіге қажет жиынтықтың (өрт сөндіргіш, алғашқы медициналық көмек қобдишасы, сүйреткіш арқан, домкрат, апаттық тоқтау белгісі) болуын тексеру;
  • Негізгі тораптар, жүйелер мен механизмдердің жұмыс істеуін тексеру;
  • Жүргізушілердің медициналық тексерісі (қан қысымын өлшеу, дене қызуын өлшеу және т.б.).

Қазіргі таңда автобустың бағанаға соғылуы салдарынан 3 жолаушы ауруханада жатыр. Оның бірі – 2017 жылы туған қыз балаға ота жасалып, екі аяғы ампутацияланды. Тағы екі жолаушы қатты зардап шеккен.

Қала әкімдігі зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсетіп жатыр, сондай-ақ материалдық және басқа да қажетті қосымша көмек көрсетілмек. Зардап шеккен жолаушыларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес, медициналық және сақтандыру сараптамалары жүргізілгеннен кейін ақшалай өтемақы төленеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар