Танымал әнші Сәкен Майғазиевтің шаңырағында қуаныш. Өнер иесі көпшілікті ұлы Әділет пен келіні Әдияның үйлену тойын онлайн көруге шақырды. Бұл туралы әншінің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Әділет пен Әдияның қуанышына арнайы Telegram-арнасы ашылған. Тойды үйінде отырып-ақ тамашалағысы келетін жұрт осы арнаға тіркеліп, мерекенің ең жарқын сәттерін көре алады.
"Ұлымыздың үйлену тойын сіздермен бөлісу үшін арнайы жабық Telegram-арнасын аштық. Бұл арнада тойдың ерекше әрі қызықты сәттерін онлайн тамашалауға мүмкіндік бар. Қуанышымызға ортақтасып, онлайн тойымыздың қадірлі қонағы болуға шақырамыз", – делінген хабарламада.
Той трансляциясына қосылудың ақылы екенін де ескерте кетейік. Telegram-арнаға тіркеліп, тойдың онлайн қонағы болғысы келгендерге 1380 теңге төлеу қажет.
Еске сала кетсек, бұған дейін Сәкен Майғазиевтің ұлының той алдындағы ұзату рәсімі әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен еді. Әншінің келіні дәстүрлі түрде кілемнің үстінде ұзатылды.