Астанада жаңа аула ашылды: тұрғындарға жайлы демалыс пен спортқа жағдай жасалды

Астанада жаңа аула ашылды: тұрғындарға жайлы демалыс пен спортқа жағдай жасалды
Dala News

Астанада Рақымжан Қошқарбаев даңғылы, 60 мекенжайында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандырылған аула аумағының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жоба шеңберінде ауладағы барлық шағын сәулет нысандары жаңартылып, заманауи ойын және спорт алаңдары орнатылды. Сондай-ақ 340 шаршы метр аумаққа жасанды көгал төселіп, шамамен 550 шаршы метр тартан жабындысы салынды.

Тұрғындардың белсенді өмір салтын ұстануына мүмкіндік жасау мақсатында тренажер және воркаут алаңдары жабдықталды. Демалыс аймақтарына орындықтар мен беседкалар қойылды. Балалар үшін аниматорлардың қатысуымен арнайы ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.

Ашылу салтанатына тұрғындар, аудан әкімдігі өкілдері мен мердігер ұйым қызметкерлері қатысты. Іс-шараға жүзге жуық адам жиналды.

Тұрғындардың бірі жаңа аула үшін ризашылығын білдіріп, мұндай бастамалардың қала тұрғындары үшін маңызды екенін атап өтті.

«Ауламыздың осындай заманауи әрі жайлы болғанына өте қуаныштымыз. Бұл балаларымыздың қауіпсіз ойнап, ересектердің спортпен айналысуына жақсы мүмкіндік. Осы жұмыстарды ұйымдастырған әкімдікке алғыс айтамыз. Енді тұрғындар да ортақ мүлікке жауапкершілікпен қарап, тазалық пен тәртіпті сақтауы керек. Сонда ғана мұндай игіліктің пайдасын ұзақ уақыт көреміз», – деді тұрғын.

Жоба тұрғындардың ұсыныстары негізінде жүзеге асырылып, аула кеңістігін қауіпсіз әрі қолайлы етуге бағытталды. Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар қаладағы қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттырып, тұрғындардың өмір сүру жайлылығын жақсартуға мүмкіндік береді.