Астанадағы University Medical Center Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жүрегіне тағы да операция жасалды деген желідегі ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Медициналық орталықтың баспасөз қызметі кардиохирург Юрий Пя жасаған делінген операция туралы жарияланымдардың ескі әрі қазіргі жағдайға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
«Желіде ескірген мәліметтер тарап жатыр. Қоғамды жаңылыстырмау үшін тексерілмеген ақпаратты таратпауды сұраймыз», — деп хабарлады UMC.
Бұған дейін бірқатар БАҚ Назарбаевтың ауруханаға жатқызылғаны және жүрегіне операция жасалғаны туралы жазған. Кейбір жарияланымдарда операция бір жыл бұрын жоспарланған, бірақ экс-президенттің жұмыс кестесіне байланысты кейінге шегерілгені айтылған.
Медициналық орталық бұл ақпараттың ескі дерек екенін түсіндірді. Назарбаевқа жасалған операция туралы соңғы ресми ақпарат 2023 жылы жарияланған. Ол кезде хирургиялық араласуды Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында белгілі кардиохирург Юрий Пя жүргізгені хабарланған еді.
Нұрсұлтан Назарбаев биыл 86 жасқа толады.