Астанада LRT-ның тірек бағаналарды құю жұмыстары толықтай аяқталды

Жарбол Кентұлы 20 қыр. 2024 15:20 286

Астанада жеңіл рельсті көліктің (LRT) 22 шақырымдық эстакадалық жолының құрылысына қарастырылған барлық 799 тірек салынып бітті. Оған 2,5 мың жұмысшы жұмылдырылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тіректерді құю үшін 53,7 мың текше метр бетон және 42 мың тонна арматура жұмсалған. Тіректің төменгі бөлігінің ені – 2-2,4 метр, жоғарғы бөлігі – 6,8 метр, биіктігі эстакада жолының өтетін жеріне байланысты 5-тен 18 метрге дейін, бір тіректің орташа салмағы – 200 тонна.

Қазақстандық стандарттар бойынша В45 класындағы М600 маркалы бетон қолданылғанын айта кетуіміз керек. В45 класындағы бетон гидроэлектростанцияларды, бекініс құрылыстарын, бункерлерді, метрополитен, ауыр металлургия кәсіпорындарын, химиялық, ғарыштық, қорғаныс зауыттарын, атом энергетикасы объектілерін салуда қолданылады.

Жеңіл рельсті транспорт елордадағы көлік инфрақұрылымын жақсартуға, қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы қоғамдық көлік жүйесін ұсынуға бағытталған. Алайда, жоба басталғаннан бері ол түрлі қиындықтарға тап болғаны да жасырын емес. LRT құрылысы алғаш рет 2011 жылы ұсынылған. Оның басты мақсаты — Астананың жылдам өсіп келе жатқан халқының көлікке деген сұранысын қанағаттандыру. Жоба бойынша, жеңіл рельсті транспорт қаланың әуежайы мен орталық аудандарын байланыстырып, қоғамдық көлікті тиімдірек әрі экологиялық таза етуі тиіс. LRT құрылысы – елдің көлік жүйесін дамытуға деген маңызды қадамдардың бірі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар