Астанада Жұмабек Тәшеновке ескерткіш орнатылады

Dalanews 19 мау. 2019 14:12 936

Қала әкімдігі Жұмабек Тәшеневке ескерткіш орнату үшін жер телімі және қаржы көзі қарастырылып жатыр.

Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман халқымыздың қалаулы ұлы, аты аңызға айналған Жұмабек Тәшеновке ескерткіш орнатылатыны туралы хабарлады. Сүйінші жаңалықпен халық қалаулысы желідегі парақшасында бөлісіпті. 

"Петропавл қаласында тұратын Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматтары Жақсылық Ысқақов пен Болат Сағындықов, сондай-ақ Зейнолла Олжабаев, Таңат Сүгірбаев, Амангелді Кенжеғозинов, Ахметжан Қуантаев, Жангелді Тәжин және Сағындық Салмұрзин сынды белсенді ағаларымыз еліміздегі Президент сайлауы қарсаңында «Nur Otan» партиясынан ұсынылған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде маған хат жолдап, астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневке ескерткіш орнатуға көмектесуімді сұраған еді.


Мен осы жөнінде Нұр-Сұлтан қаласының бұрынғы әкімі Бақыт Сұлтановқа хат жазып,

халқымыз айрықша ардақ тұтатын тарихи тұлғаның дүниеге келгеніне келесі жылы 105 жыл толатындығын ескере отырып, оған астанада лайықты ескерткіш орнату мәселесін қарауын өтінген болатынмын.


Бүгін астана әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов қол қойған ресми жауапты алып, қуанып отырмын. Қала әкімдігі Жұмабек Тәшеневке ескерткіш орнату үшін жер телімі және қаржы көзі қарастырылып жатқандығын хабарлапты. Ескерткіш елордадағы Жұмабек Тәшенев көшесінің бойында орнатылмақшы.


Ал Петропавл қаласында қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу үшін басын бәйгеге тіккен қаһарман Ерге ескерткіш осыдан бірнеше жыл бұрын орнатылған болатын", – деді депутат. 

 

 

Тәшенов: "Мұндаймен ешбір қазақ келіспейді?!"




1961 жылғы сәуірде құрамында 14 ауданның орталығы Целиноград қаласы болып Целиноград облысы құрылды.
Бұл орайды тиімді пайдаланбақ болған Н.С. Хрущев 1961 жылы Қазақстанның 5 облысын көрші Ресей Федерациясының құрамына қоспақшы болды.
Оңтүстік Қазақстанның бір бөлігін Өзбекстанға, Маңғыстау облысының бір бөлігін – Түркменстанға қосуды жоспарлады.
Бұл әрекетке қатаң түрде тосқауыл қойған Жұмабек Тәшенов болатын.
Ол қайтпас табандылықпен КСРО басшысы Никита Хрущевқа былай деп мәлімдеді:
«Егерде КСРО Жоғары Кеңесі жергілікті биліктің келісімінсіз одақтас республикаларға жерімізді берген жағдайда, КСРО Конституциясының әрекетін тоқтату керек.
Онда әрбір республиканың тарихи аумағы оның бұлжымас меншігі деп анықталған. Және бірде бір одақтық ұйым бұл ережені бұза алмайды.
Егер Конституцияның бұл талабы өрескел бұзылатын болса, біз Халықаралық құқықтық ұйымдардың араласуын сұрауға хақымыз бар!», – деген.
Тура осындай қатаң тойтарысты тың өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Соколовқа да береді:
«Егерде сен Қазақстанға бағынғың келмесе, 24 сағаттың ішінде көзіме көрінбей жоғал!
Тың өлкесі Ресейдің құрамына ешқашан кірмейді! Осылай деп өзіңнің басшыңа жеткіз!», – дейді. Жұмабек Тәшенов «өзіңнің басшың» деп, Мәскеулік бүкілодақтық басшы Н.С. Хрущевты меңзеп тұрған болатын.
Ал Қазақстан Компартиясының ОК бюросында барлығы еститіндей қатқыл дауыспен:
«Мен Ақмолада туып-өстім. Бұл жерде әке-шешемнің, ата-бабаларымның зираты жатыр. Сіздер бұл жерді Ресейге беріп жібермексіздер ме!?
Мұндаймен ешбір қазақ келіспейді?! Жолдастар ойланыңыздар! Мен осындай мәселені шешу түгілі, көтерудің өзіне қарсымын…», – деген.
Жұмабек Тәшеновтің дәлелді де, қатаң түрдегі сөзіне Н.Хрущев нақты жауап бере алмады. Бірақ, ренішін ішіне бүгіп қалды.
Отырыс аяқталған соң, батырдың иығынан қаққан Д.Қонаев:
«Әй, Жұмеке, нағыз батырсың ғой, арыстандай атылдың», – деп қайран қалыпты.
Мезетте жауап қайтарған ол: «Мен өз жерім мен халқым үшін қандай болса да сынаққа дайынмын», – дейді.
Жұмабек Тәшенов өзінің мәнсабы төмендеп қалғанда, «Мен халқымның жерін ешқандай мәнсапқа айырбастамаймын!» деген сөзін замандастары тастамай айтып отырады.
Дәл осы күні оның тұлғалық қасиетін ерекшелейтін тағы бір жағдай орын алады: Н.Хрущевтың бірінші көмекшісі А.Шевченко Ж.Тәшеневтің ұшағын рұқсатсыз алып, демалу үшін Қырымға ұшып кетеді.
Бұл жайлы естіген Ж.Тәшенов ұшқышқа рациямен ұшақты бұрып, кері қайтуын талап еткен. Целиноградтың әуежайына келіп қонған А.Шевченко кешірім сұрап, батырдың алдында бас июге аз-ақ қалған. Кремль басшысына да керегі осы болатын.
Бұл жағдай мәселенің тығырыққа тірелген түйінді жері болды.
Өз қоластындағы бағынышты адамнан осыншалық тойтарыс күтпеген Н. Хрущев бір айдан соң, Жұмабек Тәшеновті жоғары лауазымнан алып, бұрыннан қалыптасып қалған үрдіс бойынша, солтүстік өңірден оңтүстікке «жер аударып», Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне жіберді.
Оның есімі БАҚ беттеріне басылмады. Бұрынғы кинотаспалардан ол туралы көріністер қиылып, алып тасталынды. Оны ірі республикалық және одақтық шараларға шақырмады...

Тәшеновтің бұл әрекеттері нағыз ерлікке жататын. Ол жоғары қызметінен айырылды, есесіне Қазақстанның солтүстік өңірі мәңгілікке Қазақ КСР құрамында қалды.

Author: Зиябек Қабылдинов


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар