Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сотта жаңа куәгерлерден жауап алынды

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сотта жаңа куәгерлерден жауап алынды
ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі

Астанада жедел медициналық жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында өткен кезекті отырыста алдымен куәгер Г. Ақшаловадан қосымша жауап алынды.

Одан кейін тұрғын үйдегі қайғылы оқиғадан соң ғимаратқа техникалық зерттеу жүргізген «Астана-Технадзор» ЖШС маманы Д. Воробьевтен жауап алынды. Бұған дейін сотта құрылыс сарапшылары үйдің қасбеті мен құрылысында бірқатар кемшілік болғанын айтқан. 

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Н. Абуов кондоминиум нысанының бұрынғы сенім білдірілген тұлғаларына қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша қылмыстық істің Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелгені туралы рапортты іс материалдарына қосуды сұрады.

Сонымен қатар прокурор Астана қаласы прокурорының орынбасары бекіткен тұрғын үй құрылыс салушысына қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыны да іс материалдарына тіркеу туралы өтінішхат берді.

Түскі үзілістен кейін сот Астана қаласы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінен, сондай-ақ Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасынан келіп түскен жауаптарды зерттеді.

Сотта қаралып жатқан іс 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің қасбеті опырылып, соның салдарынан жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның ауыр жарақат алуына байланысты қозғалған. Ол алған жарақаттарынан 18 қарашада көз жұмды. 

Бұған дейін сотта құрылыс сарапшысы Денис Воробьев қасбеттің опырылуының кенеттен болмағанын және оған дейін белгілі бір уақыт бойы ақаулар қалыптасқанын айтқан. Оның пікірінше, қайғылы жағдайға құрылыс сапасы себеп болған. 

Келесі сот отырысы 2026 жылғы 16 қыркүйекке сағат 10:00-ге белгіленді.

Жәбірленуші өкілі, адвокат Ж. Құрымбаеваның өтінішхатына сәйкес, келесі отырыста Ұлдана Мырзуанға операция жасаған нейрохирург дәрігерден, сондай-ақ Астана қаласының Қалалық ортаны бақылау және сапа басқармасының бұрынғы маманынан жауап алынады.