Астанада әскерде ауыр жарақат алып, екі жылдан астам уақыт өмір үшін күрескен Ербаян Мұхтармен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Марқұммен қоштасуға туған-туыстары, жақындары, достары және ол мерзімді әскери қызметін өтеген Ұлттық ұланның өкілдері келген. Қаралы жиында жиналғандар қайғыдан көз жасына ерік берген.
Жақындарының хабарлауынша, жаназа намазы 26 маусым күні сағат 10:00-де Астанадағы «Шейх Кунта қажы» мешітінде оқылды. Ал еске алу асы сағат 11:00-де ұйымдастырылады.
Еске салайық, Ербаян Мұхтар Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өткерген. 2023 жылдың желтоқсанында ол ауыр бас-ми жарақатын алып, комаға түскен.
Әскери бөлім өкілдерінің мәліметінше, сарбаз дәретханада құлап, басын плиткаға соғып алған. Алайда ауруханаға жеткізілген кезде дәрігерлер оған ауыр бас-ми жарақаты, жедел субдуралды гематома, шүйде сүйегінің сынуы және басқа да ауыр зақымдар диагнозын қойған. Ербаян бірнеше күрделі операцияны бастан өткеріп, кейін сал болып қалған.
24 маусым күні Ербаян Мұхтардың қайтыс болғаны белгілі болды. Оның тағдыры қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Қазақстандықтар жас жігіттің еміне 224 миллион теңгеден астам қаржы жинап берген. Кейін ол екі рет Ыстанбұлда ем алып, оңалтудан өтті. Екінші сапар кезінде шығынның бір бөлігін мемлекет өз мойнына алған.
2026 жылдың мамыр айында Ербаянның жағдайы күрт нашарлаған. Дәрігерлердің айтуынша, ол екі жақты пневмония және ауыр тыныс жеткіліксіздігімен ауруханаға түскен. Кейін полиоргандық жеткіліксіздік пен сепсис дамыған.
Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, Ербаян Мұхтар 23 маусым күні көз жұмды.