Астанада бес жасар бала ойын алаңында тоққа түсті

Астанада бес жасар бала ойын алаңында тоққа түсті
Фото: Halyqstan

Астанада бес жасар бала ойын алаңында тоққа түсіп, жансақтау бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Halyqstan мәліметінше, оқиға А105 көшесіндегі №11 үйдің ауласында болған. Тұрғындардың айтуынша, олар балалар алаңының маңынан өтетін қауіпті электр сымы туралы құрылысшыларға бірнеше рет ескерткен. Алайда "Ғаламат" құрылыс компаниясының қызметкерлері кабельді қауіпсіз жерге көшірмей, үстіне топырақ қана төсеген.

Қайғылы жағдайдың алдындағы түні сымнан ұшқын шыққанын да тұрғындар байқаған. Соған қарамастан, жауапты тұлғалар тарапынан ешқандай шара қолданылмаған.

Жексенбі күні түстен кейін осы маңда ойнап жүрген бес жасар Нұрасылды тоқ соққан. Бала күйік алып, ауруханаға жеткізілді.

Ата-анасының сөзінше, кабель жақын маңдағы құрылыс нысанына тартылған. Оның бірнеше тармағы болған, соның бірі балалар ойын алаңының үстімен өткен. Сымның бір бөлігі ашық жатқан.

"Құрылысшыларға бұл туралы қанша рет айттық. Бірақ бізді ешкім тыңдамады", - дейді баланың анасы Ұлжан.

Оқиғадан кейін электр желісі ажыратылып, кабельге мөр басылған. Ұлжанның айтуынша, сымның бір бөлігі сараптамаға жіберілген. Бұл рәсімге құрылыс компаниясының өкілдері де қатысқан. Алайда анасының сөзінше, "Ғаламат" компаниясының басшылығы болған жағдайға қатысты әлі пікір білдірмеген.

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Нұрасылдың №2 қалалық балалар ауруханасында жатқанын хабарлады. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр. Ал Ұлжан баласының денсаулығына қатысты толық ақпарат өзіне де берілмей жатқанын айтты.

Қолда бар мәліметке сүйенсек, оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 306-бабы, яғни тұтынушылардың өмірі мен денсаулығына қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.