Астанада ауқымды операция өтті: ҰҚТ шетелдіктерден ақша алып, жалған құжат жасап берген

Сағыныш Сардарова 02 қаз. 2025 11:53

Елордада заңсыз көші-қон арнасы әшкереленді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ауқымды арнайы операция нәтижесінде Ақмола облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы облыстық прокуратураның үйлестіруімен елорда аумағында заңсыз көші-қонды ұйымдастырған қылмыстық топтың жолын кесті.

Тергеу деректеріне сүйенсек, қылмыстық схеманы Целиноград ауданы Талапкер ауылының 49 жастағы тұрғыны ұйымдастырған. Ол Қазақстан аумағына келген шетелдік азаматтарды тауып, оларға уақытша тұруға, тіркелуге немесе тұруға ықтиярхат алуға жәрдемдесуді ұсынған.

"Бұл қызметке өзге адамдар да тартылып, қылмыстық топ құрылымдық түрде жұмыс істеген. Фигуранттар жалған құжаттарды рәсімдеу арқылы көрсеткен қызметтері үшін 40 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін сыйақы алып отырған. Жедел іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары айғақ заттар – құжаттар, мөрлер мен анықтамаларды тәркіледі", - деді ІІМ өкілі.

Қазір заңсыз көші-қон дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, топтың өзге де заңсыз әрекеттері мұқият тексеріліп, тергеу жалғасып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар