Астанада әкімдік пен полиция қызметкерлері Ғалым Қалиақбаровтың стендап кешін тоқтатты

Астанада әкімдік пен полиция қызметкерлері Ғалым Қалиақбаровтың стендап кешін тоқтатты
Фото: aitpabotagoz

19 тамызда Астанада әзілкеш Ғалым Қалиақбаровтың стендап концерті  тоқтатылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Өнерпаз сахнада өнер көрсетіп тұрған кезде залға полиция қызметкерлері мен Есіл ауданы әкімдігінің өкілдері кірген. Артынша Ғалым Қалиақбаровты сахнадан түсіріп, сахна сыртына алып кеткен. Осылайша, көрермен тамашалап отырған кеш әрі қарай жалғаспаған.

Есіл ауданы әкімдігінің мәлімдеуінше, ұйымдастырушылар концерт өтетіні туралы жергілікті билікке алдын ала хабар бермеген. Әкімдік мұндай шараны өткізу жоспары жөнінде кемінде он күн бұрын ескерту қажет екенін алға тартты.

Алайда бұл түсініктеме көрерменнің наразылығын туғызды. Олардың айтуынша, жиналғандар қоғамдық тәртіпті бұзбаған, тек әзілкештің өнерін тамашалауға келген. Көпшілік бұл саяси жиын да, митинг те емес, қарапайым стендап кеші болғанын айтып, полицияның араласуын орынсыз деп бағалады.

Ал әкімдік өкілдері шараны тоқтату үшін емес, заң талаптары мен қауіпсіздік ережелерін түсіндіру мақсатында барғанын мәлімдеді. Осы жағдайдан кейін кешті ұйымдастырушылар Есіл аудандық полиция басқармасына жеткізіліп, олармен түсіндіру әңгімесі жүргізілген.