Астанада биыл көктемде полиция қызметкерлері есірткіні сақтау және тарату күдігімен 15 жастағы мектеп оқушысын ұстады. Бұл туралы елорда Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, жасөспірімнен 70-тен астам есірткі дозасы тәркіленген. Тергеу мәліметінше, ол оларды арнайы жасырын орындарға (закладка) қалдырып отырған. Әбіл Әбілдин бұл жағдайдың полиция үшін жетістік емес, қоғам үшін үлкен мәселе екенін айтты.
«Бұл – біз үшін, мен үшін, полиция қызметкерлері үшін қуанатын жағдай емес. Бұл – бәріміз үшін үлкен проблема. Қоғамға да, құқық қорғау органдарына да, мұғалімдерге де, психологтарға да үлкен сын», – деді ол.
Полиция өкілінің сөзінше, оқушы қыз бұған дейін есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарына қатысқан. Алайда бұл оның есірткі ортасына тартылуына тосқауыл бола алмаған.
«Ол есірткінің барлық салдарын білетіндей еді. Сонда да неге бұлай істеді? Азғыруға ерді ме? Аш жүрген жоқ қой. Меніңше, мәселе оның араласқан ортасында. Қандай ортаға түсті, өмірінің бағыты да солай теріс арнаға бұрылды», – деді Әбіл Әбілдин.
Сондай-ақ ол оқушының сыныптастары бұл жағдайға бейжай қарап, одан алшақтай түскенін жеткізді.