Астана халқы кептелістен қажыды - Тоқаев

Көркем Алдабергенова 28 қаң. 2025 12:37 1823

Президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қала көшелерінде қалыптасқан көлік кептелісін шұғыл шешуді тапсырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысының пікірінше, әкімдіктің жұмысы жүйелі жүріп жатқаны байқалғанымен, астанадағы транспорттық мәселе әлі де өзекті.

“Әкімнің тәжірибесі бар, қаланың жұмысын үйлестіре алады. Дегенмен елордадағы көлік кептелісін жою үшін шұғыл шешімдер қабылдау қажет”, – деді Тоқаев.

Астана тұрғындары мен көлік жүргізушілері ұзақ уақыт бойы негізгі жолдар мен көшелерде орын алатын кептеліс жайын айтып, әлеуметтік желілерде жиі шағымданып келеді. Жергілікті билік бірқатар инфрақұрылымдық жобаны қолға алғанын мәлімдесе де, Президент бұл бағытта “шешуші қадамдарға бару керектігін” ескертті.

Бүгінгі кеңейтілген отырыста Үкімет пен әкімдердің тиімділігі экономикалық көрсеткіштермен өлшенетіні атап өтілді. Президентке өңірлердегі әлеуметтік және инфрақұрылым мәселелерін шешу барысы туралы есеп ұсынылуда.

Сондай-ақ Тоқаев отырыс барысында Ұлттық банктің қызметін сынға алып, бұрынғы ұстанымдардың қазіргі күрделі жағдайда тиімсіз екенін мәлімдеді. Ол реттеуші орган мен Үкіметтің тығыз ынтымақта жұмыс істеуі қажеттігін тағы бір мәрте ескертті.

Сарапшылар көлік кептелісінің Астана халқының тұрмыс сапасына тікелей әсер ететінін және алдағы уақытта тиімді көліктік шешімдер қабылдау маңызды екенін айтады. Ал билік өкілдері бұл мәселені шешу үшін жаңа инфрақұрылымдық жобалар мен қоғамдық көлік жүйесін жетілдіруді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысына LRT құрылысы бойынша есеп берген Жеңіс Қасымбек жоба құрылысы 2025 жылдың жазында толық аяқталатынын айтты.

«Қалалық бағыттар бойынша күн сайын 1600-ден астам автобус жолға шығады. Екі жыл ішінде елордадағы қоғамдық көлік паркі 45 пайызға жаңартылды. Сіздің қолдауыңыздың арқасында LRT жобасы мәреге жақындап қалды. Жаз айында құрылыс жұмыстары толық аяқталады. Қыркүйек айында алғашқы пойыздар келеді, содан кейін белсенді сынақтан өткізу кезеңі басталады. Қалада заманауи әрі жайлы экологиялық бейнені қалыптастыру бағытында қызу жұмыс жалғасып жатыр», – деді ол.

Әкімнің сөзінше, 2024 жылдың желтоқсанында көлік жүйесін дамытудың кешенді бағдарламасы бекітілген.

«Сіздің тапсырмаңыз бойынша Үкімет Астана қаласының жаңа бас жоспарын бекітті. Қазіргі кезде елорданың барлық тіршілік қамтамасыз ету нысандары тұрақты жұмыс істеп тұр. Қаладағы көлік қозғалысының қарқынды өсуін ескеріп, қоғамдық көлікті дамытуға, жолдардың өткізу қабілетін арттыруға, жаңа көпірлер салуға, автотұрақ кеңістіктерінің жұмысын жетілдіруге басымдық беріліп отыр», – деді әкім.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар