Қазақстанда «Астана – Талдықорған» бағытында жаңа теміржол қатынасы іске қосылады, деп хабарлайды Dala News.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа маршрутты ашу туралы шешім Мәжіліс депутаттарының бастамасымен қабылданып, Көлік министрлігі, ұлттық тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ және азаматтардың көпжылғы өтініштері негізінде жүзеге асқан.
Жаңа теміржол бағыты Жетісу облысының көлікке қолжетімділігін арттыруға, жолаушылар сұранысын өтеуге және елорда мен өңірлер арасындағы қауіпсіз әрі тұрақты қатынасты қамтамасыз етуге бағытталған.
Алғашқы кезеңде ұлттық тасымалдаушы екі жолаушылар вагонын бөлді. Олар күн ара қатынап, №122/121 «Нұрлы жол – Семей» пойызының құрамында жүреді. Ақтоғай станциясында вагондар №631/632 «Ақтоғай – Талдықорған» пойызына тіркеліп, осылайша бүкіл бағыт бойынша үздіксіз қатынас қамтамасыз етіледі.
Министрлік бұл жоба әзірге сынақ режимінде іске қосылатынын атап өтті. Егер жолаушылар ағыны тұрақты болса, вагон саны мен қатынау жиілігі кезең-кезеңімен арттырылмақ.
Жаңа бағыттың ашылуы өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық байланыстарды нығайтып, халықтың қозғалысын жеңілдетуге, ішкі туризм мен іскерлік белсенділікті дамытуға серпін береді деп күтілуде. Сондай-ақ бұл Жетісу облысының туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етпек.
Пойыздың алғашқы рейсі биылғы сәуір айына жоспарланған және Талдықорған қаласындағы жаңғыртылған теміржол вокзалының салтанатты ашылуымен тұспа-тұс келеді. Жаңартылған вокзал жолаушыларға жоғары деңгейдегі жайлылық, сервис және қауіпсіздік ұсынбақ.
Көлік министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, жолаушылар тасымалының маршруттық желісін кеңейту және көлік қызметінің сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.
