Астана әуежайы авиакеросин жеткізушілерінен заңсыз алым алған

Астана әуежайы авиакеросин жеткізушілерінен заңсыз алым алған
Фото: ЖИ

Астана қаласының бірінші сатыдағы соты Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Астана қаласы бойынша департаменті жүргізген тексеру нәтижесін заңды деп таныды. Тергеу барысында Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы нарықтағы үстем жағдайын пайдаланып, авиакеросин жеткізушілерінен заңда қарастырылмаған алым алып келгені анықталған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Агенттік мәліметінше, әуежай авиакеросинді сақтау, қабылдау және жеткізу қызметі үшін жеткізушілерден қосымша ақы талап еткен. Алайда мұндай төлем заңнамада көзделмеген. Ал қызмет көрсететін басқа балама болмағандықтан, жеткізушілер бұл талапқа көнуге мәжбүр болған.

Тексеру барысында аталған алымның мөлшері бір тонна үшін 16 240 теңгеден 77 852 теңгеге дейін кезең-кезеңімен өскені анықталды. Кейін ол 60 137 теңгеге дейін төмендеген.

Монополияға қарсы органның бағалауынша, бұл қосымша шығын авиакеросин жеткізушілеріне қаржылай салмақ түсіріп қана қоймай, болашақта әуе отыны бағасының қымбаттауына, соның салдарынан әуе билеттерінің құнына да әсер етуі мүмкін.

Осыған байланысты әуежайдың әрекеті Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабы бойынша үстем (монополиялық) жағдайды теріс пайдалану деп танылды.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұған дейін де еліміздегі бірнеше әуежайдан осындай заңбұзушылықтарды анықтаған. Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы көптеген әуежайда авиакеросинді сақтау және жеткізу қызметін бір ғана оператор көрсететіндіктен, жеткізушілердің басқа таңдау мүмкіндігі жоқ. Осы себепті бұл саладағы бәсекелестік мәселесі бірнеше рет Үкімет деңгейінде де көтерілген.