Астана халықаралық әуежайы 2025 жылдың қорытындысы бойынша 6,89 млрд теңге таза шығынға ұшырады. Ал бір жыл бұрын кәсіпорын 1,24 млрд теңге таза пайда тапқан, деп хабарлайды dalanews.kz.
Nege.Aqsha мәліметінше, әуежайдың табысы артқанына қарамастан, жылдық қаржылық нәтиже теріс көрсеткішке түскен. Атап айтқанда, кәсіпорынның кірісі бір жылда шамамен үштен бірге өсіп, 67,16 млрд теңгеге жетті.
Шығынның күрт өсуіне өзге де шығыстардың көбеюі негізгі себеп болған. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде 1,41 млрд теңгеден 12,96 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Соның 10,49 млрд теңгесі негізгі құралдардың құнсыздануына байланысты есептен шығарылған. Салыстыру үшін, 2024 жылы мұндай шығын небәрі 9,3 млн теңге болған.
Соған қарамастан, әуежайдың негізгі қызметі табыс әкелуін жалғастырған. Жалпы пайда 13,9 пайызға артып, 7,3 млрд теңгені құрады. Ал операциялық пайда 3,4 млрд теңгеге жетті.