Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Паралимпиада ойындарында ел қоржынына медаль салған спортшылармен кездесіп, оларды құттықтады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Паралимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездескен Жеңіс Қасымбек олардың әлемдік спорт додасында еліміздің абыройын асқақтатқанын алға тартыт. Солардың бірі һәм бірегейі Ақмарал Науатбек. Ол елімізге көптен күткен жеңіс сыйлаған спортшы.
– Ақмарал пара дзюдодан әлем чемпионы атанып, Паралимпиада алтынын жеңіп алған алғашқы қазақстандық спортшы ретінде ел тарихына енді. Сайыс кезінде елорда тұрғында Ақмаралға жанкүйер болғаны анық. Ел сенімін ақтаған спортшымызды тұғырлы жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! – деді Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек.
Әлем алдында көк туымызды желбіреткен тағы бір елордалық спортшы – Ерғали Шамей. Паралимпиада Ерғали күміс медаль жеңіп алды. Елордалық спортшылардың жеңісінің артында тоқтаусыз жаттығулар, темірдей тәртіп, шыдамдылық, жақындарының, бапкерлерінің қолдауы, өзіне деген сенім жатқаны анық.
Өз кезегінде қала басшысы Ақмарал Науатбекке 3 бөлмелі пәтердің сертификаты мен 30 млн теңге ақшалай сыйақы, ал оның жаттықтырушысы Айдын Анапинге 10 млн теңге табыс етті. Ал Ерғали Шамейге 2 бөлмелі пәтердің сертификаты мен 25 млн теңге ақшалай сыйақысы табысталды. Ал оның жаттықтырушысы Дәурен Оразов мырзаға 7 млн теңге табыс етілді. Осы ретте ақшалай сыйақы демеушілер тарапынан берілгенін айта кетуіміз керек.
Кездесу барысында Астана қаласы әкімі спортшыларға қолдау-көмектерін көрсете беретіндерін жеткізді.
– Біз өз тарапымыздан спортшыларымызға қолдау көрсетуді ары қарай да жалғастырамыз. Сол сияқты қаланың спорттық инфрақұрылымын жақсартып, бұқаралық спортпен шұғылдану үшін, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептеріне тиісті жағдай жасаймыз, – деді Жеңіс Қасымбек.