2027 жылғы киберспорттан әлем чемпионаты Астанада өтеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Халықаралық киберспорт федерациясы (IESF), Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі және Qazaq Cybersport Federation арасында өткен келісімге қол қою рәсімінен кейін белгілі болды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жарысқа IESF құрамындағы 150-ден астам ұлттық федерацияның өкілдері қатысады. Чемпионат ұлттық құрамалар форматында өткізіледі.
Алдын ала жарияланған бағдарламаға сәйкес, әлем чемпионатында мына ойын түрлері бойынша жарыстар өтеді:
• Counter-Strike 2;
• Dota 2;
• Mobile Legends: Bang Bang;
• PUBG MOBILE;
• eFootball;
• Tekken 8.
IESF президенті Влад Маринескудің айтуынша, 2027 жылы Астана әлемдік киберспорттың астанасына айналады. Ал Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мұндай халықаралық турнирді өткізу елдің ірі спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыра алатынына деген сенімнің белгісі екенін айтты.