Freedom Inside '26

Әшімбаев: Ұлттық құрылтайға жаңа адамдар келуі керек

Әшімбаев: Ұлттық құрылтайға жаңа адамдар келуі керек
Sputnik.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлттық құрылтай құрамына жаңа адамдардың, жастардың, әйелдердің және өңір өкілдерінің көбірек келуі қажет екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, тамыз айында өтетін Ұлттық құрылтай сайлауы жаңа идеяларға жол ашуы тиіс.

«Тамыз айында Құрылтайға сайлау өтеді. Менің терең сенімім - Құрылтайға жаңа адамдар келуі керек. Бұл жай ғана дипломатиялық сөз емес, бұл - менің жеке пікірім. Қазір уақыт өте қарқынды, өте өзгермелі. Сондықтан Құрылтай құрамында жаңа тұлғалар, болашағынан үміт күттіретін саясаткерлер, жастар, әйелдер және өңірлердің өкілдері көбірек болса, бұл еліміз үшін өте маңызды әрі пайдалы болады», – деді Мәулен Әшімбаев Сенат кулуарында.

Сенат спикерінің пікірінше, қазіргі мүшелердің идеялары таусылды деуге болмайды. Дегенмен бүгінгі өзгермелі кезең мемлекеттік басқару ісіне жаңа азаматтарды көбірек тартуды талап етеді.

«Қазір жаңа партиялар құрылып жатыр, жұмыс істеп тұрған партиялардың басшылығы жаңарып жатыр. Мен бұл үдерісті қолдаймын. Менің шынайы сенімім дәл қазір жаңа адамдарға Әділетті Қазақстанды құру аясында өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беру керек», – деді ол.

Еске салайық, Ұлттық құрылтайдың жаңа құрамын сайлау тамыз айында өтеді.