«Асыл күкірт». Мұндай да бола ма?

Dalanews 06 қаз. 2015 22:38 1583

Күкірт қышқылы – химиялық өндірісте қолданылатын негізгі өнімдердің бірі әрі кең көлемде қолданылуы бойынша бірінші орында тұрған шикізат көзі. Өнеркәсіптік шикізат ретінде 30 мыңнан астам өнім түрлерін өндіруде, соның ішінде бірінші кезекте минералдық тыңайтқыштар және қағаз, резеңке, асфальт, тоқыма, косме­тика, пластмасса және бояу өндірісінде пайдаланылады.

Металлургияда түсті металдар алу үшін, мұнай өңдеуде түрлі өнімдерді тазартуда, қопарылғыш заттар, жасанды талшықтар, дәрі-дәрмектер, тері илеуде қолданылады.

«Бүгінде күкірт өндірісінен сұранысы артық болып тұр», – дейді мамандар. Өйткені күкірт күннен күнге көлемі өсіп келе жатқан мұнай-газды өңдеу мен коксохимиялық, металлургиялық және энергетикалық өндірістердегі қалдық және түтін газдардан күкірт өнімдерін терең тазалау әсерінен болып отыр.

Осы ретте күкірт өндірісінің негізгі түрлеріне деген сұраныс тұрақтанып, жаңа технологияларды енгізу арқылы осы бағытты азайту тенденциясы жасалуда. Мұнай-газды өңдеу барысында қосымша өнім ретінде шығатын күкіртті терең өңдеу мен пайдаланудың қазіргі заманға сай жаңа жолдарын қарастыру өзекті маселелердің бірі болып отыр.

 

Күкіртпен ластану немесе әлем экологиялық апаттың алдында тұр ма?

 

00457Жоғары күкіртті мұнайдың ең ірі кен орындары шоғырланған Батыс Қазақстан аймақтарында мұнай өндіру мен өңдеудің қарқынды дамуы нәтижесінде миллиондаған тонна күкірт жинақталып, оның мөлшері күннен-күнге артып келеді.  Өндірістің сұраныстан біршама артық болуы салдарынан аталмыш аймақта температураның күрт өзгеруі және желге байланысты уақыт өткен сайын үлкен территориялар күкіртпен ластанып, бүкіләлемдік экологиялық мәселесін тудырып отыр.

Сондықтан қазіргі таңда мұнай-газ өндірісі кезінде шығатын күкіртті ұзақ уақытқа консервациялау, ауыл шаруашылығында, медицинада, ветеринарияда пайдаланудың жаңа рационалды жолдарын қарастыру маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Күкірттің нанобөлшектерін тиімді пайдалану туралы ф.ғ.к., ғалым Тұрғанбай Сейітжан өзінің докторлық диссертациясында кең көлемде зерттеген.

«Мұнай-газды өңдеу барысында шығатын қосымша өнім түйіршікті күкірттен жоғары фунгицидтік және бактерицидтік қасиетке ие күкірттің нанобөлшектерін алумен қатар, оның суспензияларын агрегатты тұрақтандырудың ғылыми негіздемесін жасау – наноматериалдарды синтездеудің өзекті және перспективті бағыттарының бірі болып саналады. Суда ерігіш полиэлектролиттермен, беттік-активті заттармен, минералды қоспалармен және олардың композицияларымен адсорбциялық түрлендіру жолымен алынған күкірттің нанодисперсті бөлшектерінен алынған фунгицидты препаратты ауыл шаруашылығында түрлі зиянкестермен күресуде қолдану, ҚР ішкі нарығын отандық фунгицидті препараттармен камтамасыз ету және  препаратты отандық нарыққа шығару мақсатында тіркету үшін «Асыл күкірт» деп атадық. Сонымен қатар «Асыл күкірт» препараты   ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бақылауындағы институттарда ауыл шаруашылығы дақылдары мен жемістерінің зиянкестеріне қалай әсер ететіндігі мен биологиялық эффективтілігі анықталды», – дейді ғалым.

 

Ғалым сөзін кім тыңдайды?

Бүгінде күкірттің нанобөлшектерін синтездеу және күкірттің гидросуспензияларын қолдану жұмыстарымен Германия, Қытай, Үндістан, ТМД елдері бойынша Ресей, Өзбекстан мемлекеттеріндегі аса беделді ғылыми орталықтар айналысып отыр.

Сонымен қатар күкіртті зерттеуде қажырлы еңбек сіңірген Samrat Roy Choudhury, Rajib Ghosh сияқты Үндістан коллоидты химия мектебінің ғалымдары күкірттің нанобөлшектерін тиосульфат натрийды әр түрлі бейорганикалық және органикалық қышқылдармен әрекеттестіру арқылы күкірттің нанобөлшектерін алған.

Ал Қытай ғалымдары кері эмульсиялау әдісін қолдана отырып, полисульфид натрийдан гидрохлорит қышқылының қатысында күкірттің 100-200 нм аралығындағы нанобөлшектерін алғаны жайлы Yiming Guo еңбектерінде жарияланған екен.

Бірақ бұл әдістердің орындалуы күрделі әрі қосымша реагенттер көп қолданылатындықтан синтез барысында адам денсаулығына зиянды күкіртті сутек газдары шығады, өз кезегінде бұл оның қолданыс аясын тарылтады.

Ғалым ұсынған әдіс жаңа күкірттің нанодиспансерлі бөлшектерін алуда қолданылған шикізаттар мұнай өндірісіндегі жинақталған күкіртті қолданысқа жаратуда таптырмас әдіс саналады. Бұл еліміздегі коллоидты күкірттің импортына тәуелділігін жоюға мүмкіндік береді. Осы препараттар ауылшаруашылығында өсімдіктер зиянкестерімен күресуде қолданылуға таптырмас мүмкіндік.

Зерттеу жұмыстары Қазақ жеміс-жидек және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты («ҚазЖЖШҒЗИ»ЖШС) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жүргізілген. «Асыл күкірт» препаратын 4 және 10 кг/га мөлшерде қолданған кезде алманың опалы зең ауыруына айтарлықтай жоғары биологиялық тиімділік көрсеткен.

Ал мақтаның ауруларына зерттеу жұмыстары «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-да жүргізілген. «Асыл күкірт» препаратын қолданған кезде,  мақтаның өрмекші кенелерге қарсы биологиялық тиімділігі 7 тәулік ішінде 80,0%, ал 14 тәулікке дейін бақылағанда препараттың биологиялық эффективтілігі 73,2% ке дейін төмендейді.  Препарат қолданылған мақта қолданылмаған бөлікпен салыстырғанда өнімділігі 2,9-3,4 ц/га-ға артқан.

Сонымен қатар қауын-қарбыз, жүзім, қызанақ сынды көкөністердің маусымдық ауруларының белсенділігін төмендетіп, өнімділігін арттыруға ықпал етеді.

Бүгінде «Асыл күкірт» препараты арнайы институттарда сынақтан өтіп, тиімділігі актілермен расталып, алынған нәтижелер негізінде 1 инновациялық патент алынған. Алдағы уақытта ғылыми жаңалық нарыққа еніп, шаруалар мен кәсіпкерлердің қажетіне жарап жатса, біз тек қуанамыз.

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ, 

«Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімінің бас маманы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар