Әшімбаев Қаржы министрлігіне шүйлікті

Сағыныш Сардарова 23 мау. 2025 12:30

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа Салық кодексіндегі бір норма бойынша Қаржы министрлігінің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сенатта жаңа Салық кодексі жобасы қаралды. Отырыс барысында Мәулен Әшімбаев құжатта ҚҚС мөлшерін көтеру ғана емес, сонымен қатар, алдын ала төлем енгізу де көзделгеніне назар аударды. Ол мұндай жағдайда бизнестің ахуалы қандай болатынын сұрады.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жүйе салық төлеушілердің бәріне емес, тек қауіпке ұшырағандарға қолданылатынын нақтылады:

"ҚҚС - тікелей емес, жанама салық. Салық төлеуші ​​біреуден тауар сатып алса, оның есепке жатқызылған бөлігі болуы керек. Яғни оның кірісі болуы керек. Бұл кірісті онлайн режимінде автоматты түрде көреміз. Мысалы сағат 10:00-де оған шот-фактура жазылса, 10:01-де оның есепке жатқызылған бөлігі барын көремін. Ол айырмаға, қосылған құнға ғана шот-фактура жазады. Мысалы егер есепке жатқызу көлемі 10 мың теңге болса, ал ол 11 мыңға сатса, тек 1 мың теңгені "алдын ала" өз шотына салуы керек. Бұл ҚҚС-ты біз бірден бюджетке алып қоймаймыз. Ол салық кезеңі аяқталғаннан кейін оны бюджетке төлей алады. Бұл  қаупі жоғары салық төлеушілерге арналған кепілдік ретінде қарастырылып отыр", – деді Біржанов.

Вице-министр бұл мәселе бизнес, "Атамекен" ҰКП және депутаттармен талқыланғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, мұндай механизм жалған шот-фактуралармен күресте өзге елдерде де тиімді құрал ретінде қарастырылады.

"Салық кодексін қарау кезінде алған, осы апталарда, осы айларда алған мәлімдемелерді ескерсек, бұл асыра сілтеу болса керек. Кәсіпкердің құқықтары жөніндегі уәкілдің бұл мәселе бойынша басқа ұстанымы бар, ол соңғы адам емес. "Атамекеннің" ұстанымы да сіз айтқандай емес. Сондықтан дұрыс ақпарат беру керек", - деді Әшімбаев.

Оның айтуынша, Қаржы министрлігі осы механизмді енгізуді көздесе, онда заң жүзінде нақты "тәуекелі жоғары" санатына кімдер кіретінін айқындау қажет. Әйтпесе бұл норма барлық кәсіпкерге әсер етіп, салық органдары "жоспарды орындау үшін" оны субъективті түрде қолдана бастайды.

"Мұндай осал тұстарды сол күйі қалдырсаңыздар, кейін бұл бизнесіміздің дамуына өте үлкен проблема болып шығады. ...Мәселе сіздер айтып отырғандай жай сөз емес. Біз де бұл мәселелерді мұқият қарастырдық. Біз де бұл тәуекелдерді түсініп отырмыз. Сондықтан біреумен келісілді дейтін кезде шынайы, дәл ақпарат берілуі керек", – деді Сенат спикері.

Ол Қаржы министрлігінен осы мәселеге қатысты нақты ұстаным дайындауды талап етті.

Қазір Сенатта жаңа Салық кодексі жобасы қаралып жатыр. Құжат екінші оқылымда талқыланады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар