Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев қыз алып қашу әрекеті заң талаптарын өрескел бұзу екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол бұл пікірін Парламент Мәжілісінде өткен сталкинг пен қыз алып қашуға қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде айтылған пікірталастарға байланысты білдірді.
Оның айтуынша, өткен жылдың күзінде қыз алып қашу әрекеті үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін заң күшіне енген. Бұл мәселе 2023 жылдан бері көтеріліп, сараптамалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
«Адам ұрлаудың кез келген түрі заң талаптарын өрескел бұзу болып табылады. Бұл құқыққа қайшы әрекет мәдениетке, ұлттық дәстүрлерге, отбасылық немесе кез келген өзге де өмірлік мән-жайларға сілтеме жасау арқылы ешқандай ерекшелік ретінде танылмайды және ақтауға жатпайды», – деді Артур Ластаев.
Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 125-бабына сәйкес адам ұрлау қылмысы үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салды.
Сондай-ақ омбудсмен бұл әрекеттің қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрып құқығына ешқандай қатысы жоқ екенін атап өтті.
Артур Ластаев Конституцияға сәйкес неке мемлекет белгілеген тәртіппен тіркелген ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы екенін айтты.
«Қазақстан Республикасының азаматтарын Конституция мен өзге де заңдардың талаптарын қатаң сақтауға шақырамын», – деді ол.