Арқан үзіліп кетті: Эльбрусқа көтерілген 11 жастағы бала қаза тауып, әкесі ауыр жараланды

Арқан үзіліп кетті: Эльбрусқа көтерілген 11 жастағы бала қаза тауып, әкесі ауыр жараланды
ашық дереккөзден

Эльбрус тауына көтерілу кезінде 11 жастағы бала қаза тауып, оның әкесі ауыр жарақат алды. Бұл туралы Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің Эльбрус биік таулы іздестіру-құтқару жасағы хабарлады, деп жазады dalanews.kz.

Қайғылы оқиға теңіз деңгейінен шамамен 4200-4600 метр биіктікте болған. Зардап шеккендерді іздеуге 12 құтқарушы аттанды.

Әкесі мен баласы Донецкіден шыққан

Мектеп оқушысы 40 жастағы әкесі Романмен бірге тауға шыққан. Mash арнасының алдын ала мәліметінше, олар кері түсіп келе жатқанда қауіпсіздік арқаны үзіліп кеткен.

"Олар көздеген жеріне жетіп, төмен түсе бастаған. Сол сәтте, алдын ала мәлімет бойынша, сақтандыру арқаны үзілген. Бала алған жарақаттарынан қаза тапты. Ал ер адамның қабырғалары мен тізелері сынғанымен, ол көмек шақыра алған", – деп жазады арна.

Роман мен оның ұлы Донецкіден шыққан. Соңғы жылдары олар Ставрополь өлкесіндегі Рыздвяный кентінде тұрған.

Былтыр әкесі мен баласы Эльбрусқа тағы көтерілген. Алайда баланың жағдайы нашарлап, шыңға 300 метр қалғанда кері қайтуға мәжбүр болған. Соған қарамастан, олар Гарабаши станциясында бала оқитын мектептің туын көтеріп, білім ордасы басшылығының алғысына ие болған.

Әкесі мен баласы күрделі бағытты таңдаған

Mash мәліметінше, әкесі баласының денесінің жанында құтқарушыларды күткен. Жер бедерінің күрделі болуына байланысты оны бірден эвакуациялау мүмкін болмаған.

Арна ер адамның әуесқой альпинист болғанын және таудың барлық бағытын бағындыруды армандағанын жазады. Былтыр ол баласымен бірге Эльбрустың солтүстік беткейіне көтерілсе, биыл шығыс бағытын таңдаған. Бұл бағыт ең күрделі бағыттардың бірі саналады.

Ақпаратқа сәйкес, көтерілу кезінде баласымен бірге жүрген тағы бір турист ер адамға әрі қарай барудың қауіпті екенін ескерткен. Алайда ол бұл ескертуге қарамастан жолын жалғастырған.

Эвакуация 20 шілдеге жоспарланды

Құтқарушылар жараланған ер адам мен оның қаза тапқан ұлын Эльбрустың шығыс беткейінен, шамамен 4200 метр биіктіктен тапты.

Қараңғы түсуіне байланысты эвакуацияны 20 шілдеге қалдыру туралы шешім қабылданған. Бұл жөнінде Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің Кабардин-Балқар Республикасы бойынша басқармасы хабарлады.

Оларды таудан түсіру үшін коммерциялық тікұшақ пайдалану жоспарланған.

Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, әкесі мен баласының туристік бағыты алдын ала тіркелмеген.