Қазақстанда 2025 жылдың қорытындысы бойынша зиянды еңбек жағдайында ұзақ жылдар қызмет еткен 6 289 азаматқа арнаулы әлеуметтік төлем берілді. Бұл төлем түрін алу үшін жалпы 6 675 адам өтініш тапсырған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Екі қаржыландыру көзінен - республикалық бюджет пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге 590 азамат жүгініп, олардың 581-іне төлем тағайындалған.
Ал төрт көзден қаржыландырылатын (республикалық бюджет, БЖЗҚ, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы есебінен) төлемді алу үшін 6 085 адам өтініш беріп, нәтижесінде 5 708 азаматқа тағайындалды.
Сонымен қатар 196 адам сақтандыру компаниясымен зейнеткерлік аннуитет шартының рәсімделуін күтуде. 103 азамат СМС-хабарламаға жауап бермеген. Ал белгіленген талаптардың орындалмауына байланысты 87 өтініш иесіне арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалмады.
Өңірлер бойынша ең көп өтініш Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан түскен. Атап айтқанда:
- Қарағанды облысында - 2 көзден төлемге 88 адам, 4 көзден төлемге 922 адам;
- Павлодар облысында - 2 көзден 37 адам, 4 көзден 774 адам;
- Шығыс Қазақстан облысында - 2 көзден 49 адам, 4 көзден 492 адам өтініш білдірген.
Еске салайық, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеген азаматтарға арналған арнаулы әлеуметтік төлем жүйесі іске қосылған.
Бұл төлемді алу үшін азаматтың 55 жасқа толуы және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде 7 жыл кәсіби зейнетақы жарналарының болуы міндетті. Арнаулы әлеуметтік төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді.
Маңызды шарттардың бірі төлем алушының зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысты тоқтатуы. Бұл ретте қызметкерлер жеңіл жұмысқа ауысып, жалақысы мен төлемді қатар ала алады немесе толық демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлеммен қамтылады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Әлеуметтік кодекске сәйкес, зиянды еңбек жағдайларына жататын кәсіптер мен қызмет түрлерінің тізімі бекітілген. Аталған тізімге 2,3 мыңнан астам мамандық енген.
Осылайша, арнаулы әлеуметтік төлемді экономиканың 17 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру, өңдеу өнеркәсібі және басқа да салаларда еңбек ететін қазақстандықтар ала алады.
