Армения ҰҚШҰ саммитіне қатыспайтынын мәлімдеді

Көркем Алдабергенова 26 қар. 2025 15:42

Армения 27 қарашада Бішкекте өтетін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) саммитіне делегация жібермейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл шешім ресми түрде жарияланбаса да, армян БАҚ-ы Ереван саммит үшін әзірленген құжаттарға қарсы шықпайтынын, сондай-ақ Владимир Путиннің сапары қорытындысына арналған дәстүрлі баспасөз шарасын өткізу жоспарланып отырғанын жазады.

Саммитке кімдер барады?

Бішкектегі жиынға Ресей президенті Владимир Путиннен бөлек, Беларусь, Қазақстан және Тәжікстан басшылары, сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етіп отырған Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қатысады.

Арменияның ҰҚШҰ-дан алыстауы бұрын басталған

Армения мен ұйым арасындағы салқындық бірнеше жылдан бері байқалып келеді.

2023 жылы Ереван өз аумағында ҰҚШҰ жаттығуларын өткізуден бас тартып, оларды «орынсыз» деп атаған.

2024 жылдың ақпанында премьер-министр Никол Пашинян елдің ҰҚШҰ-дағы мүшелігі «тұрақсызданғанын» және іс жүзінде «тоқтатылғанын» мәлімдеген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар