Армения Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ани Бадалян Армения 2024 жылы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын (ҰҚШҰ) қаржыландыруға қатыспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Армения 2023 жылғы 23 қарашадағы “ҰҚШҰ-ның 2024 жылға арналған бюджеті туралы” шешімге қосылудан және сол арқылы ұйымның қызметін қаржыландыруға қатысудан бас тартады. Сондықтан келісімге қатысушы елдердің ортақ шараларын қаржыландыруды да доғара тұрады. Сонымен бірге Ереван бұл шешімнің шектеулі форматта қабылдануына қарсы болмайды”, - деді Бадалян.
Еске салайық, 2024 жылдың ақпанында Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ереванның ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтатқанын айтты.France 24 телеарнасына берген сұхбатында ол Арменияға қатысты ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт орындалмағанын атап өтті.
"Біздің ойымызша, Арменияға қатысты ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт, әсіресе, 2021-2022 жылдары орындалмады. Бұл мәселе біздің назарымыздан тыс қалмады. Біз осы шартқа қатысуды тоқтаттық. Ары қарай не болатынын көрейік", - деді Пашинян сұхбатында.