Қайрат Құдайберген өткен жылдың 22 сәуірінде ұсталды. 24 сәуір күні сот қаулысымен тергеу органдарының өтініші қанағаттандырылып, Қайрат Құдайбергенге қатысты әрекетті саралау туралы қаулы шығарылғанға дейін оны 30 тәулік мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді. Содан бері оны қамауда ұстау мерзімі үздіксіз ұзартылып келді. Оған Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деген айып тағылған.
Сот отырысында Қайрат Құдайбергеннің анасы Бибігүл Кабдолдина баласын бес айда алғаш рет көргенін айтса да, күзетшілер жақындауға рұқсат бермеді. Анасының айтуынша, Қайрат әлеуметтік желілерде букмекерлік кеңселермен және электронды темекілермен күресуге шақырған бейнероликтер таратты. «Оған бұл әрекетін тоқтату үшін миллион доллар ұсынылды. Тіпті ашық қорқытты: тоқтатпасаң, түрмеге жабамыз деді. Ол қайырымдылықпен имидж үшін айналысты деп айыпталды», – деді.
Бірінші отырыста 42 айыпталушы мен жәбірленушінің сауалнамалық деректері ғана тыңдалды. Келесі отырыстың қашан өтетіні беймәлім.
Ал ҚР Бас пркуратура 7 қаңтарда ұсталған «Дикий Арман» лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиевтің Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторында отырғанын мәлімдеген. Оның да қамаудағы уақыты бірнеше рет ұзартылып келді.
Айтпақшы, Алматы сотының баспасөз қызметі мәлімдеме жасап үлгерді. Яғни, соттың ресми парақшасында адвокаттардың атышулы қылмыстық іс бойынша процеске жіберілмеуі туралы ақпарат жария болды.
«Процестің барлық қатысушысына №72 мекеме ғимаратына кіру және өту орны, бағыты туралы алдын ала хабарлама жіберілді. Бірқатар адам сотталушыларды әкелетін қызметтік кіреберістен өтуге тырысты. Оларға мекеменің негізгі бақылау-өткізу пункті арқылы кіру сызбасы қосымша түсіндірілді. Отырыс ашық режимде өтетіндіктен, ноутбук, планшет және басқа құрылғыларды пайдалануға тыйым салынбаған. Құрылғыларды пайдалануда техникалық мәселе туындауы мүмкін, өйткені тергеу изоляторында ұялы байланыс шектелген. № 72 мекеменің ғимараты ерекше қорғалатын нысан болғандықтан, аумаққа кіру кезінде жеке басын куәландыратын құжат тексеріледі», – делінген Алматы сотының хабарламасында.