Арыстанбек Мұхамедиұлына тағы бір үкім шықты

Сағыныш Сардарова 29 ақп. 2024 18:54 12585

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Ұлттық музейдің бұрынғы директоры, экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты үкім шығарды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкімді Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Кемеңгер Имашев жариялады. Сотта жымқыру арқылы бөтеннің мүлкін ұрлау әрекетін ұйымдастырғаны және оған жәрдемдескені үшін бірнеше адамға қатысты үкім шықты.

"Арыстанбек Мұхамедиұлы мәдениет министрі және одан кейін Ұлттық музейдің директоры болған уақытында ұрлықты ұйымдастырушы бола отырып, өзінің орынбасарларымен алдын ала сөз байласу арқылы адамдармен бірге, 2017-2019 жылдар аралығында "Әлем мұражайлары бойынша Алтын адамның шеруі" халықаралық көрме жобасын іске асыру шеңберінде "Э." ЖШС директорының орынбасары мен бухгалтерінің көмегімен 1,5 млрд. теңге сомасына бағаны көтеру жолымен, іс жүзінде қызмет көрсетпей және тауарды тиеп-жөнелтпей, аса ірі мөлшерде бюджет ақшасын жұмсау жолымен жымқырған.
 
Сондай-ақ, ол Н.-мен алдын ала сөз байласу арқылы адамдармен бірге 2017-2018 жылдары ұлттық киноколлекцияны цифрландыруды жүргізуге жалпы сомасы 196 млн. теңгеден аса мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасу кезінде бюджет қаражатын жымқырды. 
 
Ол өзінің қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланып, "Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі" РМҚК-ны заңсыз жекешелендіріп, мемлекетке 332 млн. теңге сомасына аса ірі мөлшерде залал келтірді (ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы); 
 
"Ex." ЖШС директорымен (жеке өндіріске бөлінген) 2019-2020 жылдар аралығында "Қазақстанның ұлттық киелі орындары мен мұражай қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу" жобасын іске асыруға жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша бөлінген 1,5 млрд. теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлаған.
 
М.А. "Актерек ЛТД" ЖШС (Дипломат қонақүйі) жарғылық капиталының 29 пайыз үлесін иемдену түрінде рейдерлік әрекет жасауға тырысқан", - деп жазылған сот мәліметінде.
 
Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің, жәбірленушінің өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, мамандар мен сарапшының қорытындыларымен, хаттамалармен, сотталушылар мен куәгерлердің жұмыс орны бойынша тінту хаттамаларымен, қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
 
Сотта прокурор айыпты қолдап, соттан сотталушыларға 2 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және жәбірленуші К.-ның материалдық залалды өндіріп алу туралы азаматтық талабын қанағаттандыруды сұрады. Ал адвокаттар сотталушыларды ақтауды сұрады.
 
Сот үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚК-нің 28-бабының 3-бөлігі - 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы, 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы, 24-бабының 3-бөлігі - 249-бабының 1-бөлігі, 28-бабының 3-бөлігі - 250-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 13.02.2024 жылғы үкімді ескере отырып,
 
ҚК-нің 58-бабы 6-бөлігін қолдана отырып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, 11 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.
 
Сотта Мәдениет және спорт министрлігінің талабы қанағаттандырылып, 3,5 млрд. теңгеден аса сомада келтірілген залал өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
 
Айта кетейік, бұған дейін де сот үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, ҚК-нің 58-бабының 3 және 6-бөліктері негізінде қылмыстық құқықбұзушылықтар жиынтығы бойынша өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салынып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
 
Оның әйелі Ғалия Ысқақова парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК 368-бабының 1-бөлігі), өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынып, 6 айға бас бостандығынан айырылды. Адвокат Төлеев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы), 10 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан және 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар