Арыста 14 МВт-тық күн электр станциясы салынады

Dalanews 17 қаң. 2018 05:24 862

Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында қуаты 14 мегаватт болатын күн электр станциясы салынады. Станция құрылысына шамамен 12 миллион доллар бөлінетін болады. Мұндай келісімге 13 қаңтарда өткен Абу-Дабидегі IRENA ассамблеясының сегізінші сессиясында ҚР энергетика министрлігі қол жеткізіп отыр.

Нәтижесінде Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚҚДБ) француздық Urbasolar SAS компаниясының Қазақстандағы күн электр стансасын (СЭС) салуға арналған жобасын қолдау үшін 8,8 млн. АҚШ доллары шамасында несие бөлетін болса, ал таза технологиялар қоры жеңілдетілген 3,9 млн. АҚШ доллары көлеміндегі қаржымен қамтамасыз етпек.

Жобаны «Kaz Green Tek Solar» ЖШС-нің арнайы жобалық компаниясы жүзеге асыратын болады. Ал оның негізгі акционері Urbasolar SAS компаниясы болып табылады.

Жаңа «Задария» күн электр стансасы Қазақстанның энергетикалық теңгеріміне күн энергиясын өндіруге арналған қуаттылықты 14 МВт-қа арттырмақ, соның нәтижесінде қолданыстағы және жоспарланған қалпына келетін энергия генераторларының жалпы белгіленген қуаты 365 МВт-қа жететін болады.

– Біз Қазақстан мен Орталық Азияда фотовольтаики технологиясы электр энергиясы өндірісінде өте маңызды рөл атқаратынына сенімдіміз. Бұл жоба күн қондырғысының техникалық сипаттамалары мен экономикалық тиімділігін көрсетеді. Біз осы жобаны жүзеге асыру үшін 4 жыл бойы дайындық жұмыстарын жүргіздік, – деді Urbasolar SAS компаниясының президенті Арно Мин.



Айта кетейік, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасымыз  бекіткен «Жасыл экономикаға көшу» концепциясы нәтижелі орындалуда. Аталған концепцияға сай былтырғы жылы Сайрам, Қазығұрт аудандарында екі шағын су электр станциясы ел игілігіне берілді.  Сондай-ақ, Шымкент қаласынан Орта Азияда теңдесі жоқ биогаз қондырғысы кешені іске қосылды.  Бұдан бөлек, Сарыағаш және Мақтаарал аудандарында екі ірі күн электр станцияларының құрылыс жұмыстары бастау алды.  2018 жылы  Төлеби ауданында қуаты 2,5 мегаватт шағын су электр станциясы  пайдалануға беріледі деп күтілуде. Одан бөлек, Сарыағаш ауданында жалпы қуаты 5 мегаватт шағын су электр станциясы мен  Отырар ауданында қуаты 35 мегаватт күн электр станциясының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар