Бұл туралы Арыс қаласының әкімі Мұрат ҚАДЫРБЕК мәлімдеді. Оның айтуынша қазір Арыс қаласы мен оның маңайындағы 6 ауылдық округті қоса алғанда 74 мың халық тұрады. Жергілікті әкімдік тұрғындардың талап-тілегін ескеріп қалаға көгілдір отын тартуды қолға алған. 2016-2017 жылдардың аралығында осы мақсатқа облыстық бюджеттен 88 млн. теңге қаражат бөлінген.
Алдымен Ақдала мен Қожатоғай ауылдық округтеріне газ жеткізілетін болады. Алдағы 3 жылда Арысқа қарасты ауылдық округтер көмірдің машақатынан құтылып, көгілдір отынның қызығын көрмек.
– Арысты газдандыруды бірнеше кезеңге бөлдік. Жоба тым ауқымды. Ауқымды болған сайын, оны бақылау да қиынға соғатыны жасырын емес.
Жобаны кезеңге бөлу бюджет ақшасын орнымен (жиынтығы 3,5 млрд. теңге) жұмсауға, енді бір жағынан құрылыс жұмыстарын тездетіп аяқтауға септігін тигізеді.
Құрылыс жұмыстарын өз мойнына алған үш мердігер қаланы көгілдір отынмен қамтуды кезең-кезеңімен жүргізетін болады.
Алдымен Арысты, Онтам және Сырдария ауылдарын газға қосамыз. Осылайша 50 мың халықтың көгілдір отынға қолы жетпекші. Мұның ішінде 12 мың тұрғын-үй бар. Бірінші кезең бойынша нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен биыл 884 млн теңге. 2019 жылға 500 млн теңге, 2020 жылға 1581,0 млн. теңге қаржы қаралып отыр.
Жалпы 2018-2025 жылдары қалаға қарасты 26 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарлап қойдық. Бұл қала халқының 99,5 пайызын құрайды, – деді бұл орайда Мұрат Қадырбек.
Оның атап өткеніндей көгілдір отынның бағасына қатысты жергілікті әкімдік мен газ тасымалдаушы мекеме ортақ ұйғарымға келген.
– Баға Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің бақылауында болады. Мердігердің міндеті – газды үй іргесіне дейін жеткізіп беру. Әрі қарай көгілдір отынды үйге тарту жұмыстарын тұрғындар өз жауапкершілігіне алады.
Мұнда да асыра сілтеушілікке жол берілмейді. Ортақ баға бекітілді. Көгілдір отынды әр үйге жекелей қостырудың құны 160-180 теңгенің төңірегінде болады.
Газдың тарифіне қатысты алдағы уақытта «ҚазТрансГаз» мекемесімен ұйғарымға келеміз. Осының аясында көгілдір отынды қосар алдында тұрғындармен жүздесіп, газ бағасы қалай есептелетіні туралы егжейлі-тегжейлі мәлімет береміз, – дейді қала әкімі.